Қала әкімі сабын, жууға және жылтыратуға арналған құралдар өндіретін «MK.Kazyna» ЖШС-ға барды. Кәсіпорын цехында жыл сайын шамамен 250 мың өнім шығарылады. Компания басшылығы өндіріс көлемін ұлғайтып, процесті автоматтандыруды жоспарлап отыр. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына кәсіпорын қызметін кеңейту мақсатында арнайы экономикалық аймақтан немесе шағын өнеркәсіп аймақтарынан жер телімін бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Сондай-ақ жол-көлік инфрақұрылымы саласындағы бірқатар жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді. Олардың қатарында «Асар-2» шағынауданындағы көшелерді асфальттау, А-2 айналма жолының реконструкциясы және Қонаев даңғылының құрылысын жалғастыру бар. Барлық жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Негізгі басымдық - сапа, қауіпсіздік және міндеттемелердің уақытылы орындалуы. Мердігер ұйымдарға жұмыстың қарқынын бәсеңдетпей, белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды. Бұдан бөлек, Әл-Фараби ауданындағы «Тәуелсіздік» саябағында демеушілер есебінен және тұрғындардың өтініші негізінде орнатылған балалар ойын алаңшасының жай-күйін көрді. Аумағы 1600 шаршы метрді құрайтын алаңда 30 ойын элементі мен ересектерге арналған спорттық жаттығу құрылғылары орнатылған.
ЖАҢА БАЙЛАНЫС ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНГІЗУ -БАСТЫ НАЗАРДА
Сонымен қатар Қалдаяқов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу және абаттандыру жұмыстарымен танысты. Әрлеу және қалпына келтіру сапасын, сондай-ақ іргелес аумақтың жағдайын бағалады. Жауапты тұлғаларға барлық құрылыс нормаларын сақтай отырып, жұмысты толық әрі сапалы аяқтау қажеттігін атап өтті. Әрі қарай Әл-Фараби ауданында «Қазақтелеком» АҚ қалалық филиалының ғимаратына барды. Онда телекоммуникация желілерін басқару қызметінің жедел кезекшілері мен байланыс желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін бөлімнің жұмысымен танысты. Филиал басшылығымен бірге цифрландыру, желілерді жаңғырту және жаңа байланыс технологияларын енгізу мәселелерін талқылады.