Өмірге құштар ерекше жандардың жүрегінен шыққан жыр тыңдарманды толқытты. Халық ақынының жыр шумақтарын жатқа айтқан өнерпаздар жыр додасын қыздырды. Мегаполисте «Мөлдіреген жыр сезім» атты мүгедектігі бар азаматтар арасындағы республикалық әдеби байқау өтті.


Бұл мүшәйра Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекованың 75 жылдығына орай ұйымдастырылған. Еліміздің барлық аймақтарынан келген көркемсөз шеберлері аяулы ақынның жырларын жатқа айтты. Әр өңірден іріктелген қатысушылар шеберліктерін паш етті. Жыр додасына 13 ақын қатысты.


ЕРБЕК БАКИЕВ, «ШАЛҚАР ШАБЫТ» МҮГЕДЕКТЕР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ

Мақсатымыз - өмірге құштар, өлеңге ғашық ақындарды сахнаға шығарып, ел алдында өлеңін дәріптеу. Әр жыл сайын әр ақынның шығармаларын насихаттап келеміз. Биылғы жыл қазаққа еңбегі сіңген Әселхан анамызға арналды.


 Әдеби байқауға көрерменнің көңілі толды. Себебі жырсүйер қауымның көбі Әселхан ақынның айтысын тамашалап, жырларымен өскен. Сондықтан Отырардың қасиетті топырағынан шыққан дара тұлға - елдің жүрегіне оттай ыстық.


 АСЫЛБЕК БЕЙІСОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Әселхан апамызға арналған сайыс өте керемет өтуде. Ақын апамыздың өлеңдерін оқып өстік. Жатқан жері жайлы болсын! Сайыс жоғары деңгейде өтіп жатыр, еліміздің барлық аймағынан ақындар келген.


 Айтқандай, Әселхан Қалыбекованың ұрпақтары да көрермендер арасынан табылды. Анасының атын атап, өнерін ұлықтаған ерекше жандарға шынайы алғысын білдірді.


ФАРИЗА ҚҰРМАНБЕК, ӘСЕЛХАН ҚАЛЫБЕКОВАНЫҢ ҚЫЗЫ

Ерекше жаратылған жандар деп айтамыз ғой. Сол кісілердің ынтасымен оқылып жатқан өлеңдер ерекше әсерге бөледі. Әсіресе “Отырардың аспаны”, “Ө. Жәнібековке арнау”, “Репрессияға ұшыраған жандардың монологы” сияқты туындылар — бәрі бір-бір тарих.


Байқауға қатысушылардың барлығы құр қол қайтпады. Ынталандыру сыйлықтарынан бөлек, жеңімпаздарға қомақты қаржы табысталды. Ең бастысы өмірге құштар жандар халық ақынының жырларының өміршең екенін тағы бір дәлелдеді.