QazaqGaz Aimaq АҚ газ тұтынушыларға арналған жаңа мүмкіндігі бар мобильді қосымшаны іске қосты. Бұл қосымша газ есептеу құралдарының көрсеткіштерін автоматты түрде қабылдап, компания базасына жіберуге мүмкіндік береді.
QazaqGaz Aimaq қосымшасы барлық сынақ кезеңдерінен өткен және бүгінде Қазақстанның бүкіл аумағында қолжетімді. Оны Android және iOS платформаларына жүктеуге болады. Қазіргі таңда жүйеде жеке шоттары тіркелген 217 мыңнан астам тұтынушы бар. Пайдаланушылар саны күн сайын артып келеді және барлық өңірде тұрақты өсім байқалады. Жасанды интеллект технологияларының көмегімен енді есептегіш көрсеткіштерін қосымша камера арқылы автоматты түрде таниды. Бұл — уақытты үнемдеп, адами факторды азайтады. Сондай-ақ пайдаланушылардың қолайлылығы үшін қосымшаға жаңа функциялар енгізіліп жатыр.