Республика күні қарсаңында белгілі журналист, «Парасат» орденінің иегері Бақтияр Тайжанның жеке шығармашылық кеші өтті. Спорттық мақалаларынан жинақталған «Найзағайдай болсын намысың» атты кітабының тұсауы кесіліп, таныстырылымы жасалды.
Тіршілігін тілшілікке арнаған Бақтияр Тайжан еңсесін тік көтеріп, қадамын нық басты. Қоғамдық мәселелерге белсене араласып, айтарын іркіп қалмай, ірілік танытты. Шындықтың шірімейтінін дәлелдеп, ақиқаттың ақ туын желбіретті. Республикалық басылымдарда жұмыс істеп, үш бірдей Олимпиадаға қатысты. Ел намысы сынға түскен сайыстардан бұқараны хабардар етіп, тікелей ақпарат таратты. Спорт саңлақтарымен сұхбаттасып, татымды мақалалар жазды. Сол еңбектерін жинақтап, бүгін кітап болып жарық көріп отыр.
БАҚТИЯР ТАЙЖАН, ЖУРНАЛИСТ, «ПАРАСАТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ
– «Журналисттің ең бірінші міндеті — елдің экономикасын көтеруге қызмет істеу, абыройын көтеруге қызмет істеу. Бізде көп отан жоқ қой, бір-ақ отан. Қазақстан мықты болса, біз бәріміз мықтымыз.»
Елім деген ерді ел де елеусіз қалдырмады. Иығына шапан жауып, еңбегін елеп, құрмет көрсетті. Сәрсен Құранбек қала әкімінің құттықтауын жеткізіп, оның қоғамдық еңбектеріне тоқталды.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Біз Бақтияр ағамызды мақтамаймыз. Біз Бақтияр ағамызбен мақтанамыз.» «Бақтияр ағамыздың жеке басының қасиеті зор. Елге сіңімді азамат болып жатқаны — өз еңбегінің жемісі деп білеміз.»
Әріптестер мен достар, аға буын өкілдері Бақтияр Тайжанның адамгершілік болмысын жоғары бағалайды. Жығылғанды демеп, сүрінгенді сүйеу - оның өмірлік ұстанымы. Қолда барын көппен бөлісіп, көмек қолын созуға дайын тұрады. Ініге ізетпен, ағаға құрметпен қарайды, дейді олар.
КЕНЖЕХАН ТӨЛЕБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Бақтияр адам ретінде өте кішіпейіл, ақкөңіл. Қандай өтініш жасасаң да “жоқ” деген сөзді айтпайды.»
Қалам баршаға ортақ. Журналисттің бәрі мәтін жазып, көргенін жеткізе алады. Бірақ оны Бақтиярдай дәл суреттеп, шебер бейнелеу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Осылай деген Әбдез Иманқұлов әріптесінің кәсіби біліктілігі жоғары екенін айтты.
ӘБДЕЗ РАХМАН, «АМАНАТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ АБАЙ АУДАНДЫҚ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ
– «Бұл төңіректе спорт тақырыбын Бақтиярдай жаза алатын адам жоқ деп айта аламын. Қанша дегенмен, өзі де спортпен айналысқан ғой, бәрін біліп тұрады. Оқып отырып, өзің күресіп жатқандай сезінесің.»
Кеш барысында 63 жасқа толған журналисті әріптестері мен зиялы қауым өкілдері құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Тұсауы кесілген туындының мазмұны мен мәніне тоқталып, оқырманға берер пайдасын атап өтті.