Бүгін – рухани қазына ордасы саналатын кітапханада еңбек ететін жандардың кәсіби мерекесі. Мерейлі күнге орай үшінші мегаполисте салтанатты жиын өтті. Шараға қалалық мәдениет саласының өкілдері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.


Бұл күн – кітапхана саласының қызметкерлері үшін кәсіби мереке ғана емес, ұлт руханияты мен білімнің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген мамандардың еңбегін дәріптейтін ерекше күн. Салтанатты кеш барысында кітапхана өмірінен сыр шертетін бейнероликтер көрсетіліп, тақырыптық көрмелер ұйымдастырылды. Әдеби-композициялық қойылымдар мен шығармашылық нөмірлер көпшілікке рухани әсер сыйлап, кітапхана саласының сан қырлы сипатын көрсетті.


АНАР ЖАППАРҚҰЛОВА, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Кітапханашылар мерекесі – жай ғана кітапханашылар күнін атап өту емес. Бұл – елді, жұртшылықты кітап оқуға үндейтін рухани байлықты насихаттайтын мереке. Сонымен қатар, бұл күн – бүкіл елге көркем мінезді болуға, көркем сөйлеуге тәрбиелейтін қасиетті мамандық иелерінің еңбегін бағалайтын мереке.


Жиында сөз алғандар кітапханашылардың қоғам өміріндегі маңызын ерекше атап өтті. Мереке аясында өз ісіне адалдығымен, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген үздік мамандарға арнайы алғыс хаттар табысталды.


МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Кітап – білім мен руханияттың қазынасы болса, сол қазынаның сақшысы – кітапханашылар. Бүгінгі қоғамның мәдени-рухани дамуына үлес қосып жатқан кітапханашыларды әрқашан да қолдаймыз, құрметтейміз. Бұл шараның мақсаты – ұлы мамандық иелеріне ілтипат көрсету.


Кітапхана – тек кітап қана сақталатын орын емес, ой мен өркениет тоғысқан мәдени орталық, руханияттың алтын бесігі. Кітапхана қызметкерлері қоғамға рухани нәр беріп, өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейтуде өз еңбегін жалғастыра бермек.