Қазан айының соңғы жексенбісі - автожол саласы қызметкерлерінің күні. Жыл басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы бұйрық шығарып, кәсіби мерекелер тізбесіне осындай өзгеріс енгізді. Өйткені күрежолдардың құрылысы, күтімі мен сапасы - қыруар жұмыс, маңызды стратегиялық бағыт. Қазақстан шығыс пен батысты жалғаған транзиттік ел. Қазір 25 мыңға жуық отандасымыз осы салада еңбек етіп жүр. Солардың бірімен тілшіміз тілдесіп қайтты.


 Қара асфальттің үстіндегі ақ жолақтар, жол бойындағы таңбалар – көлік қозғалысын реттеуге, адам өмірін сақтауға қаншалықты пайдалы болса, Ержан Әбзелдің жұмысы да соншалықты маңызды. Қолындағы құрылғы жол белгілерінің бояуын, жарық шашу коэффициентін анықтайды. Өшіп қалған жолақтар мен қираған қоршауларды, солғын тартқан таңбаларды көрсе, бірден тіркеп, жауапты мекемелерге нұсқау береді.


ЕРЖАН ӘБЗЕЛ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» РМК ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ

Республикалық маңызы бар жолдардың күтіп ұстау жұмыстарын сараптамадан өткіземіз. Нормативті талаптарға сәйкес келмеген жол белгілерін тиісті мекемелерге көрсетіп, қай километрде орналасқандарын планшетке енгізіп жолдаймыз. Тиісті мекемелер біздің ұсынысымызға байланысты бір аптаның ішінде жол белгілерін ауыстырып қояды.


Елімізде Ержан секілді инженерлер ғана емес, жол сызбасын салатын жобалаушылар, құрылысшылар, механизаторлар, операторлар, тіпті жүргізушілер жетіспейді. Қазір жол саласына жасанды интеллекттің енгізілуіне байланысты жоғары технологияларды меңгеретін мамандар қажет. ҚазЖол ғылыми-зерттеу орталығының мәліметі бойынша Қазақстанда автожол саласына 1 500-ден астам маман тапшы.


 ҚАЙРАТ ШӘКІРОВ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» РМК ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ

Оқушылардан, студенттерден автомобиль жолдары колледжі мен университет студенттеріне үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Өйткені мамандар шынында тапшы. Сапа орталығы ақы төлеп студенттерді практика жүзінде тәжірибеден өткізуде. Қазіргі таңда жыл сайын 2–3 студент құрылыс маусымы басталып біткенше тәжірибеден өтіп жатыр.


 Қазақстанда автожолдардың жалпы ұзындығы 185 мың шақырымнан асады. Оның 18 мыңы - Түркістан облысында. Олардың сапасы мен күтімін бақылау оңай емес. Сондықтан Ұлттық сапа орталығы соңғы бес жылда мыңдаған мектепке барып, жас түлектерді жол саласына шақырды. Былтырдан бастап бұл мамандық «Құрылыс» факультетінен бөлініп шықты. Жыл сайын 800-ден аса грант беріледі. Енді жеке кәсіби мерекесі де пайда болды. Осының бәрі автожол саласына айрықша мән беріліп отырғанының белгісі.