Бүгін Жұмабек Тәшенев атындағы университетте жаңа оқу ғимараты ашылды. Бұл – білім ордасының материалдық-техникалық базасын нығайтып, студенттерге қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Жаңа нысанның ашылуы – өңірдегі жоғары білім беру сапасын арттыру мен заманауи мамандар даярлау ісінде үлкен серпін болмақ. Университет басшылығының айтуынша, жаңа ғимаратта оқу аудиториялары, зертханалар, ақпараттық технологиялар кабинеттері және студенттердің шығармашылық қабілетін дамытуға арналған арнайы орындар қарастырылған.
ҚАНАТ БАЙБОЛОВ, Ж. ТӘШЕНЕВ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫ
Республика күні қарсаңында Тәшенев университетінде жаңа оқу ғимараты ашылуда. Ғимараттың атауын Сүгірбаеваның атына беріп отырмыз. Өз заманында ол Социалистік Еңбек ері атанып, мақта шаруашылығымен айналысқан, сондай-ақ университеттің дамуына ерекше қолдау көрсеткен тұлға.
Білікті, білімді маман тәрбиелеу жолында аянбай тер төгіп жатқан оқу орны маңызды міндеттерді алға қойған. Университет техникалық әрі гуманитарлық бағыттарға басымдық береді. Студенттерге тағылымы мол тәрбие мен сарқылмас білім беру үшін жан-жақты жағдай қарастырылған.
ҚУАНЫШ САПАРБАЙ, СТУДЕНТ
Бүгін бізде қуанышты күн. Оқу ордамызда жаңа оқу ғимараты ашылып жатыр. Студенттердің атынан мекеменің салынуына атсалысқан барша жанға алғысымды білдіремін.
Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, студенттердің жан-жақты дамуына мүмкіндік беруді көздеген университет ұжымы оқу сапасын арттыру мен жастардың зияткерлік әлеуетін көтеруді басты міндет етіп отыр.