Түркістанда 57 адам суши, роллдан уланып қалды. Оның 22-сі қалалық орталық ауруханаға жеткізілген. Фаст-фуд тағамын тапсырыспен алдырғандардың жағдайы күрт нашарлап, үшеуі жансақтау бөліміне жатқызылды.
Өзгелері жұқпалы аурулар бөлімшесінде. Арасында кәмелет жасына толмаған 28 бала бар. Оларға бактериялық астан улану диагнозы қойылған. Осы жағдайдан кейін Түркістан қаласының полиция басқармасы аталған дәмхананы мөрлеп, жауып тастады. Адамдардың жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Ондағы қызметкерлердің медициналық кітапшалары болмай шықты. Кейбірінде мерзімі өткені анықталды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Ал жағдайы біршама жақсарған науқастар үйіне қайтарылды.