Ішкі істер министрлігі қара металды жақын және алыс шет елдерге контрабандалық жолмен әкетудің қылмыстық схемаларын анықтау және жолын кесу бойынша жедел шаралар қабылдады.
Тыйымға қарамастан, еліміздің бірқатар өңірінде металл сынықтарын дайын өнім мен шикізат түрінде көрсетіп, теңіз және темір жолдары арқылы заңсыз экспортты ұйымдастырған топ бары анықталған. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті "жоғары легирленген болат" деген атпен көршілес мемлекетке теміржол арқылы қара металды жөнелтуді ұйымдастырған топтың заңсыз әрекетін тоқтатқан. Тыйымды елемегендер елден бір жарым мың тоннадан астам, жалпы құны 170 млн теңгеден асатын металл сынықтарын әкеткен. Іздеу іс-шаралары барысында металл базасының аумағында салмағы мың тоннаға жуық қара металдың сынықтары, оның ішінде шетелге жөнелтуге дайындалған жеті вагон табылды, - деп хабарлайды ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.