Қала әкімінің халықпен кездесуі жалғасуда. Ғабит Сыздықбеков бүгін Қаратау ауданы тұрғындарының қордаланған мәселесін тыңдап, шешу жолдарын қарастырды. Алдымен нұрсәттықтармен жүздескен шаһар басшысы Астана, Сайрам шағын ауданына да барды.
Ашық форматта ұйымдастырылған кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Көше жарығының уақтылы жанбайтынын айтқан ағайын қаптаған қаңғыбас иттерден қорқатынын жеткізді.
Бүтін бір шағын аудан тұрғындарының техникалық қызмет көрсетуші компанияға деген өкпелері қара қазандай. Мәселені қала басшысының алдында көтерген жұрт жасалмаған жұмыс үшін ақы төлемейтіндерін кесіп айтты. Ал, жеке кәсіпкер болса қолымда келісім шартым бар, қызметімді мінсіз атқарып отырмын деп міз бақпады.
Әлеуметтік желіні шарлаған ақпараттың бүгінгі жиында ақ-қарасы ажыратылды. Ата – аналардың уәжін мұқият тыңдаған қала әкімі М. Тасова атындағы дарынды балаларға арналған №12 мектеп интернатының жабылмайтынын жеткізді. Білім ошағы бірер айдан кейін күрделі жөндеуден өткізіледі екен.
Сондай-ақ, кездесуде жол, тазалық, жарық жайлы сөз болды. Тұтынған электр энергиясы үшін қолма қол ақша төлеп келген Астана шағын ауданындағы 57-ші үй тұрғындары жеке тұлғаға счет ашып беруді талап етіп отыр. Өйткені, айырмашылықты арқалаған көрші ағайдың ажал құшқаны баршаға аян, дейді.
Ал, қоқыс контейнеріміз өлексеге толды деген тұрғындар көшелеріне бейнекамера орнатуды сұранып отыр. Сонымен қатар, жиында жекешелендіру мәселесі жиі көтерілді. Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында қала әкімі бірқатар басқарма басқарма басшылары мен аудан әкіміне тапсырма берді.