Қазақстанда такси жүргізушілері жауапқа тартылып жатыр. Бес күннің ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 700-ге жуық шетелдік такси жүргізушісі анықталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.
 КҮНТУ АРЫНБЕК, ТІЛШІ
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 46 мың көлік тексерілді. Соның ішінде 1 080 шетел азаматы жеке тасымалдаумен айналысқаны анықталды. Олардың 691-і мобайл қолданбалар арқылы көші-қон заңнамасын бұзып, такси қызметін көрсеткен. 234 шетел азаматы заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін, 457 шетел азаматы Қазақстанда болу мерзімін бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Сот шешімімен 175 шетелдік такси жүргізушісі ел аумағынан шығарылды, — делінген хабарламада. Бұдан бөлек, 103 такси жүргізушісі жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату орындарына орналастырылды. Ал 38 Қазақстан азаматы шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тартқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.