Колледж – мектеп түлектерінің амалының жоқтығынан келетін мекені болмауы керек. Бұл білім ошағына нағыз жұмысшы маманы боламын дегендер ғана түскені жөн. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек осылай дейді. Сөзінше, колледжге түсуді мәжбүрлі қадам ретінде емес, саналы таңдау деп қарастыру қажет.
Қоғамда «жоғары білімсіз жақсы жұмыс табу қиын» деген таптаурын қалыптасқан. Алайда, соңғы жылдары кәсіби-техникалық мамандықтарға сұраныс артып, тіпті тапшылық байқалады. Құрылыс, IT, сервис, механика, медицина сияқты салаларда кәсіби біліктілігі бар мамандар керек. Бастысы – осы салада жұмыс істеймін деген ниеттілер бет бұруы қажет.
Кей талапкер колледжге түскен соң оқуға немқұрайлы қарайды. Себебі, бастапқыда бұл олардың саналы таңдауы болған жоқ. Мұндай студенттің көбі мамандықты меңгермей, диплом үшін ғана оқып шығады. Ал егер колледжге «мен бұл салада жетістікке жетемін» деп түссе мүлде басқа нәтиже болар еді - дейді мамандар.
Көп елде техникалық және кәсіби білім өте жоғары бағаланады. Қазақстанда да кәсіптік білім беру жүйесі жетіліп, жұмысқа орналасу мүмкіндігі артып келеді. Оның үстіне биылды ел Президенті «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, оларға түрлі артықшылық беріліп, көңіл бөлініп келеді.