Түркістан облысы әкімінің халықпен кездесуі Жетісай ауданында жалғасты.  Жиында тұрғындар өзекті мәселелерді көтеріп, оларды оңтайлы шешілу жолдары  талқыланды. Нұралхан Көшеров ауданды одан әрі дамыту бағыттарына тоқталып, ұсыныс-пікірлер аясында жүйелі жұмыстар атқарылуы керектігін алға тартты.

 Өткен жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінде өсім байқалады. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 107,9 млрд. теңгені құрап жоспар 3,6 пайызға ұлғайған. Сонымен қатар ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 184 млрд. теңгеге жетіп, 9,3 пайызға өскен. Былтыр Жетісай ауданында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 16 елді мекенде 2,9 млрд. теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде бірнеше елді мекенге «көгілдір отын» жетті. Сондай-ақ ауданда 42,1 шақырымды құрайтын 50 көше орташа жөндеуден өтіп, мәдениет үйі мен 1 орта мектебі күрделі жөндеуден өткізілген. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2024 жылы 301 маманға 111,1 млн. теңгеге бір реттік көтерме жәрдемақы, 88 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 649,7 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілген.