Амал мерекесі «Астана» алаңында жалғасты. Халық арасында мерекелік көңіл-күй қалыптастырып, төл мерекені лайықты деңгейде тойлау мақсатында «Наурызнама» онкүндігі басталады.  14-22 наурыз аралығында өтетін апталықта көктем мерекесі жан-жақты ұлықталып, Түркі халықтарының жаңа жылы атап өтіледі.

Амал мерекесін Шымкенттіктер кең көлемде атап өтті. Өнерпаздар мен кітапханашылар, театр ұжымдары көрісудің көркін келтіріп, вокзал, әуежай, ойын сауық орталықтары мен автобустар сынды 7 түрлі қоғамдық орындарда ұлттық нақшта ән шырқап, қазақы атмосфере қалыптастырды. Қарашаға жағымды көңіл-күй сыйлап, мерекенің мән-маңызын түсіндірді.    

 МӨЛДІР ОҢДАСЫНОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 – «Темір жол вокзалы, әуежай сынды орындарға келіп жатқан қонақтарды құрт-бауырсақпен қарсы алып, мерекелік көңіл-күй сыйлап жатырмыз. Мұндай іс-шара қоғамдық көліктерде де өткізілуде.»

Астана алаңына қаладағы 6 кітапхана мамандары, Шымкент концерт ұйымының қызметкерлері және 7 театр ұжымы жиылған. Олар бір-біріне құшақ жайып, көрісу мейрамын атап өтті. Рустам Саидходжаев амал мерекесінің мән-маңызы, тәлім-тәрбиесі мол екеніне тоқталып, оны көпке насихаттау қажетін айтты.

 Сондай-ақ мерекелік алаңға тәртіп сақшылары мен әскери қызметкерлер де арнайы келіп, белсенділік танытты. Халық тынышын күзеткен мамандар бүгін бір сәт қолындарына ұстаған суық қаруды қара домбыраға алмастырып, көңілді ән шырқады.

Аталған мерекенің бірден-бір ерек тұсы, бұл күні бір-біріне өкпе-реніші бар азаматтар ортақ ымыраға келіп, татуласуы қажет. Өйткені, қазақ танымындағы жаңа жыл – ескі жылдағы ессіз әрекеттерді жаңа параққа тасымалдамайды. Жаңа жылға тың, таза қалыпта өту қажетін меңзейді.