М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрына биыл 100 жыл. Әміре Қашаубаев, Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев сынды сала майталмандары өнер көрсетіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырған ұжым мерейтой қарсаңында ел аумағын түгел аралап, гастролдік сапар шегеді. Шымкентте 16-19-шы мамыр күндері аялдайтын театр ұжымы көрерменге 4 дара қойылымын ұсынады. Спектакльдер қалай таңдап алынды? Сапардың ерекшелігі неде? Арна тілшісі тарқата айтады.
Сапардың алғашқы күні ұжым басшылығы мен өнерпаздары баспасөз конференциясын өткізіп, БАҚ өкілдеріне ақпарат берді. Жүрген жолда із қалатынын алға тартқан Бекжан Тұрыс 100 жылдағы жетістік пен әттең-айлар жайын баяндап, тарих қойнауына шегініс жасады. Сөзінше, сахналық өнерге аңсары ауып, театрға жиі келетіндер көбейген.
БЕКЖАН ТҰРЫС, АКТЕР, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
--- «Кезінде.. Тоқырау кездері.. 90 жылдары көрермен залында 420-30 адам отырса, сахнада 40-50 адам сахнада жүретінбіз. Тіпті 10-ақ адам келетін күндер болған. Ол күндермен қазір салыстыруға келмейді. Қазір бізде 1-2 ай бұрын театрға билет болмайды. Соған қарағанда театрдың беделі жоғары деңгейде деп ойлаймын.»
Сапар шымылдығын Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасы түрді. Соғыс салған зобалаң мен запыран зардапты бейнелейтін қойылым ана махаббатын паш етіп, қазақ әйелі образын жандандырады. Күйеуі абақтыға жабылып, халық жауының жесірі атанған Айша отбасын бағып, балаларын жетілдіру жауапкершілігін арқалайды. Бұл жолда ол адам айтса нанғысыз тәуекелдерге барып, жанкештілік жасайды.
ЕРКІН ЖУАСБЕК, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
– «Спектакльдің айтары соғыс майдан даласында ғана емес, қазақтың әрбір шаңырағына жүрді. Зардабын тигізді. Мақсат соны көрерменге жеткізу.»
Қойылымды сүйемелдеп, режиссерлік жасаған – Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Әл-Тарази. Жасы жетпісті еңсерген абыз спектакльде нұсқаушы ғана емес, актер ретінде де бой көрсетіп, басты рөлдердің бірін сомдады. Көрермен пікірінше, өз ісін шын сүйген маман зейнетке шықпайды. Сахна саңлағы соның жарқын дәлелі.
Қойылымдар афишасы жарияланысымен-ақ кассадағы билеттер түгел сатылып, зал лық толды. Абылайхан Оспановтың айтуынша, бұл театрға деген құштарлықтың артуы.
АБЫЛАЙХАН ОСПАНОВ, КӨРЕРМЕН
– «Ол мені қатты қуантады. Адамдардың көздері ашық, көкіректері ояу. Театрға құштарлығы артқан. Бұл театр деген өмір. Бір сағаттың ішінде театр таным көкжиегін кеңейтеді. Мағлұмат береді.»
Мегаполис тұрғындары тамашалайтын қойылымдар қатарында бұдан бөлек Жабал Ерғалиевтың «Қас-қағым», Медеу Сәрсекенің «Тендрге түскен келіншек», Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» сынды танымал пьесалары бар. Сондай-ақ театр ұжымы көрерменге «Сезім хаттары» атты поэтикалық кеш ұсынады. Лиро-эстетикалық кеш рухани ләззат сыйлап, таным көкжиегін кеңейтеді.