Шымкентте Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Мұхтар Шахановпен кездесу өтті. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педогогикалық университетінде өткен іс-шарада ақын оқырмандарына өмір жолы мен өнердегі белестерін баяндап берді. Ал қатысушылар Шаханов өлеңдерін оқып, драматургиялық туындыларынан үзінді қойды. Кездесу соңында ақын жиналған қауымға батасын беріп, жүрек жарды тілегін айтты.
Отырардың құмды топырағында дүиеге келген Мұхтар Шаханов қазақ поэзиясының көгінде жарқыраған жарық жұлдыз. 1967 жылы Шымкент педагогикалық институының филология факультетін тәмамдаған ол сол кезден бастап қазақ әдебиетінің алтын қорына зор үлесін қосып келеді. Өзі түлеп ұшқан мекенге жиі оралып, болашақ буынмен рухани сырласады.
Кездесу шығармашылық, поэзия кеші ретінде өтті. Студенттер ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтып, сөзіне жазылған әндерді орындады. Сондай-ақ жазушыға арналған арнауын оқыды.
Бұған дейінгі кездесуде жазушы студенттерге өзінің өмір тарихын айтып, тәжірибесімен бөлісетін. Бұл жолғы кездесуде ақын шағын сөйлеп, авторлық өлеңін оқып берді.
Кездесу кешін қорытындылаған ақын-жазушы Мұхтар Шаханов жастарға батасын беріп ақжарма тілегін жеткізді.