«Зерделі отбасы» республикалық интеллектуалды байқауының жеңімпаздары анықталды. Ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру мен ұлттық құндылықтарды ұлықтап, қоғамға үлгі бола алатын жанұяларды насихаттауды мақсат еткен жобаға биыл 1800-ден аса отбасы қатысып, олардың ішінен іріктелген 40-қа жуығы ақтық сынға жолдама алған.
Үш кезең бойынша сынға түскен жанұялар логикалық математика, ағылшын тілі, көркем әдебиет және ұлттық құндылық бағыттары бойынша білімдерін сарапқа салды. Финалға дейін жеткендердің қатарында Амантаевтар отбасы да бар. Олар осы байқау үшін бас қаладан ат арытып келген. Отағасы сайыс қиын да тартысты өткенін айтады. «Соның арқасында білім көкжиегіміз кеңейіп, отбасылық қарым-қатынасымыз да нығая түсті»,-дейді Жарылқасын.
ЖАРЫЛҚАСЫН АМАНТАЙҰЛЫ, «ЗЕРДЕЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ
біз баламыз бен бірге көптеп сөйлесетін болддық. Қазір жасырын емес, көбінесе телефон және жұмыс деп сонымен жүреміз. Ал, мынандайда балаларымыз бен бірге есептерді бірге ойланып шешіп жатырмыз. Және де бір-бірімізге жақын бола бастаған сияқтымыз.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл қатысушылар саны екі есе көп. Сұрақтардың форматында да өзгешелік бар. Қатысушылардың интеллектуалды ақыл-ой әлеуетін саралап қана қоймай, отбасылық құндылық пен ұлттық болмысты ұлықтайтын сауалдар да кездескен. Сондай-ақ әр айналымда бақ сынағандар шыққан нәтижені Zerdeli UPP платформасы арқылы бірден біліп отырды. Республикада тіпті шетелде баламасы жоқ бірегей байқау енді телевизиялық жобаға айналмақ.
МӘУІТ ЫРЫСБЕК, ZERDELI АҚЫЛ-ОЙ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҚТАРЫ МЕН МЕКТЕПТЕР ЖЕЛІСІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
Бізге соны айтты, сіздер шетелді көп білесіздер, Болашақпен оқып келгендер көп бізде. Дыұрыс! Идеяны пайдалансың, ананы қарайсың, мынаны зерттейсің, мықты бағдарламаларды қараймыз. Бірақ, оның өзіндік ерекшелігі болмаса, қазақы иісі аңқып тұрмаса онда біздің керемет жоба деп айтудың қажеті жоқ. Финалға келгенде біз танымдық сұрақтарды көбірек жасаймыз. Былайша айтқан кезде әр нәрседен ата-ананың отбасымен бірге оқыған кітабы көп былайша айтқан кезде білетін нәрселері көп. Отбасымен бірге көп дүниелерді бірге қарап жүрген отбасы ұтатындай жағдай жасап отырмыз.
Ақтық мәреде Республиканың түкпір-түкпірінен келген кіл мықты отбасылардың үздігін анықтау қазылар алқасы үшін оңайға түскен жоқ. Дегенмен, Астанадағы «Зерделі» Халықаралық мектебінің оқушысы Мақұлбек Әли ата-анасымен бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпаз шаңыраққа шет елге жолдама беріліп, жүлделі орын иегерлеріне қаржылай сыйақылар табысталды.