Дзюдодан Кеңес Одағының батыры Ережепбай Молдабаевты еске алуға арналған руспубликалық ашық турнир басталды. Осымен төртінші рет жалауын көтерген дәстүрлі додада 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер күш сынасады. Бәсі өсіп, айбыны артқан «мини-татамиге» биыл 350-ге жуық спортшы келген.
Жарыс жолын жеңіспен бастаған Абдуллах Әбдіхалық дзюдо күресімен 8 жылдан бері шұғылданады. Осы жылдар аралығында шынболаттай шыңдалып, ел біріншілігін жеңіп үлгерген. Бүгінгі сынға 2 айға жуық тыңғылықты дайындалған ол қарсыласын жамбас әдісіне түсіріп, айқын жеңді.
АБДУЛЛАХ ӘБДІХАЛЫҚ, СПОРТШЫ
– «Қарсыласымды жеңу оңай болған жоқ. Тыңғылықты дайындық арқасында жеңдім.» «Болашақта Елдос Сметов ағам сияқты Олимпиада чемпионы болғым келеді.»
Жыл сайынғы дәстүрге айналған турнир осымен төртінші рет өтіп отыр. Ауқымы үлкен сында еліміздің өңір-өңірінен келген 180 ер, 150 қыз спортшы бақ сынайды. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков: «жарыс жас спортшыларды шыңдап, қарым-қабілетін ұштайды. Үлкен додаларға дайындық жасап, тәжірибе толыстыруға мүмкіндік береді» - дейді.
МАРАТБЕК МЫҚТЫБЕКОВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
– «Бұл жарыс жылдан-жылға мерейін үстем етіп, үлкен дәрежеге шығып келеді. Жас спртшыларға әділ өнер көрсетіп, жарақатсыз үйлеріне оралуларына тілектеспін.»
Дзюдоға қызығып, баласын осы спорт түріне беретін ата-ана мен оны меңгеруге құмартатын жасөспірімдер көбейген. Мұның себебі алдыңғы буын чемпиондар, - дейді Алтынбек Абаев. Олимп шыңын бағындырып көпке үлгі болған Елдос Сметов пен басты бәсекенің қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, Азия және әлем чемпионаттарының жүлдегері Абиба Абдужақынова жас буынға үлгі, мотивация.
АЛТЫНБЕК АБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ДЗЮДО ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
– «Қазақтың тұңғыш батыры Елдос Сметов, Ғұсман, Абиба сынды спортшылар жас өренге мотивация. Жігерлендіреді. Оларға еліктеп жаттығу жасайды жас буын.»
Турнир екі күнге жоспарланған. Жарыс жеңімпаздары алда өтетін бәсекелерге жолдама алып, тәжірибе жетілдіреді.