Зиянды шегірткеге қарсы жұмыстар қарқын алған. Егіс алқабын бүлдіріп, өнімдерді жарамсыз ететін зиянкестер бақылауда. Күнделікті дезинсекциялық шаралар жүргізіліп, қауіпті жәндіктерді жою әрекеттері тиянақты атқарылып жатып. Осылай деген жауаптылар өңірдегі фитосанитариялық ахуалдың тұрақты екенін айтады.
Жұмыстарды пысықтап, жандандыру мәселесі аймақ басшысының төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде талқыланды. Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға зиянкестермен күрес жұмыстарын күшейтіп, тоқтатпауды тапсырды. Химиялық өңдеу жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізуді міндеттеді. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың мәлімдеуінше, мамандар облыстағы 52 елді мекенді 15 секторға бөліп, 591 көшеде заласыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал Нұрбол Тұрашбеков жоспарланған 519 мың гектар алқапқа жаздық дәнді-дақылдар толық егілгенін хабарлады. «Аса қауіпті зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 450 мың гектарға жүргізіліп, залалсыздандырылған. Ол үшін 275 жер үсті техникасы, 909 аспалы бүріккіш, 7 дрон және 4 ұшақ жұмылдырылған. Шегірткелерге қарсы «Тиаметрин», «Каратэ супер» және «Ацет 200» препараттары қолданылуда. Өңдеу жұмыстарына қажетті препарат қоры жеткілікті. Жұмыстар жалғаспақ» - деді ол.