Шымкентте төрт мыңға жуық адам сенбілікке қатысты. Қалалық прокуратураның ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясына 1000-нан астам құқық қорғаушы мен 3000-нан аса коммуналдық мекеме қызметкерлері қатысып, халық көп жүретін көшелер мен саябақтарды тазалады. Эко-акцияда қаланың бас прокуроры Ғабит Мұқанов құқықбұзушылықтың алдын алуға үлес қосқан тазалық қызметкерлерін марапаттады.
Коммуналдық қызметкерлер полицияның нағыз одақтасына айналды. Олар құқық бұзушылықтың алдын алу іс-шарасына белсенді қатысып, есірткі жарнамасы бар 6598 граффитиді өшірген.
Экологиялық акция Президент тапсырмасын орындау және «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Іс-шарада экономикалық тергеп-тексеру, полиция, төтенше жағдайлар департаментінің, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен антикор және прокуратура қызметкерлері белсенділік танытты.
Тазалық акциясына 300-ге жуық полиция қызметкері қатысты. Олар Дендрологиялық саябақ аумағын тазалап, көпке үлгі болды. Жауаптылар жыл басынан есірткі жарнамалайтын 700-ден астам сайттың жабылғанын айтты.
Осылайша, коммуналдық қызметкерлердің құқық бұзушылықпен күреске қосқан үлесі айрықша бағаланып отыр. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен тәртібі үшін коммуналдық қызметшілер мен құқық қорғау органдарының ынтымақтастығы жалғаса бермек.