Еңбек пен береке насихатталды. Достық пен бірлік ұлықталды. Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігі «Сабантой» өткізді.


Шаттық пен әнге толы ерекше мерекеге еңбек, шығармашылық ұжымдарының өкілдері, сондай-ақ облыс тұрғындары мен қонақтары қатысты. Жиынға қатысушылар алдымен іс-шара аясында татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің көрмесін тамашалады. Мінберге шығып сөз алғандар іс-шараның маңыздылығын атап өтті.


ЕРНАЗАР БАЕТОВ, «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

44 Сабантой мерекесі жыл сайын әр ауданда Кентау қаласыфнда ерекше ұйымдастырылып жүр. Оған өзіміз куә боп жүрміз. Ал биылғы жыл Сабан тойдың форматы ерекше . Достық үйінде ерекше аталып өтіп жатыр.


«Сабантой» мейрамының тарихы тым тереңде. Нәпақасын еңбектен тапқан татар халқы көктемгі егіс науқанын осылай ойын-сауыққа ұластырған. Демек, сабантойды тойлаудың астарында егін бітік шықсын, жиын-терім мол болсын деген халықтың ақ тілегі мен арман-мұраты жатыр.


ФАРИТ АЮПОВ, ТАТАР-БАШҚҰРТ ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

Біз бірлесе отырып бабалар дәстүріне құрмет көрсетеміз. Жастарды еңбекқорлыққа баулып, отансүйгіштік қасиетті бойларына сіңіреміз. Сабантой ізгілікке біріктіреді. Мұнда ұлтқа дінге шектеу жоқ. Ынтымақ бірлік ұлықталатын үлкен мереке.


Бірлікке үндеген мереке барысында татар-башқұрт халқының дәмі тіл үйіретін ұлттық асы ұсынылып, өнерпаздар әуелете ән салып, би биледі. Сондай-ақ ер жігіттің ерлігі сынға түсер спорттық ойындар ұйымдастырылды. Іс-шара соңында ала жаздай еңбек етіп, мол өнімге қол жеткізген еңбек озаттары мен өңірдегі этносаралық татулықты, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар ассамблея мүшелері марапатталды.