Түркістан тек тарихи шаһар емес, қазіргі таңда іскер әйелдердің ынтымақтастық алаңына айналып отыр. Ақтөбеден арнайы келген кәсіпкер қыз-келіншектер әріптестерімен жүздесіп, тәжірибе алмасты.
Ақтөбелік әйелдер негізінен тігін өндірісі, кондитерлік өнімдер, сұлулық индустриясы және шағын бизнес жүргізу бағытында жетістікке жетіп отыр. Бұл кездесуге келгендердің дені өз ісін нөлден бастап, табысқа жеткен жандар.
АИДА МОЛДИМАНОВА, АҚТӨБЕЛІК КӘСІПКЕР
Түркістандағы кәсіпкер әйелдердің еңбекқорлығына тәнтіміз. Қолөнер, туризм, ұлттық тағам өндірісінде үлкен жетістіктерге жетіп отырғандарын көріп, өзімізге көп нәрсе түртіп алдық. Мен, мысалы, киім тігу саласында жұмыс істеймін. Болашақта осы жақпен бірлескен жобалар жасауға ниеттіміз
Ал Түркістан өңірінің іскер әйелдері ұлттық қолөнер, туризм, экологиялық таза өнім өндіру мен агробизнес салаларында қарқынды еңбек етіп жүр. Кәсіпкер әйелдер бас қосқан бұл іс-шарада жаңа идеялар айтылып, бірлескен жобалар жайы сөз болды.
САМАЛ НҰРБЕКҚЫЗЫ, АҚТӨБЕЛІК КӘСІПКЕР
Мен кондитерлік өнімдермен айналысамын. Түркістандық әріптестердің өнімдерін көріп, таң қалдым. Олардың табандылығы мен ұлттық дәмді сақтай отырып, заманауи нарыққа бейімделуі – біз үшін үлгі. Мұндай кездесулер бізге шабыт береді
Әйел кәсіпкерлігі — тек табыс көзі емес, ол — қоғам дамуының қозғаушы күші. Осындай кездесулер арқылы іскер жандар бірін-бірі жігерлендіріп, жаңа биіктерге жол ашады. Түркістаннан шабыт алған ақтөбеліктер жергілікті кәсіптің дамуына жоғары баға беріп, болашақ серіктестікке сенім білдірді