Жасыратыны жоқ, қазір құдайы астарды көріп, тойға келгендей күй кешетін болдық. Аста-төк дастархан, шоуға ұқсас көрініс. Бәрі бар – тек қарапайымдық пен қаралы көңіл жетіспейді. Бірнеше жылдан бері көтеріліп жүрген бұл мәселеге өткен айда нүкте қойылды. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы маңызды құжатты қабылдап, құдайы ас дастарханын бекітті.


Қазақ халқында “Құдайы ас” беру – рухани дәстүрдің терең тамырын танытатын сауапты амалдардың бірі. Өмірден өткен жанның артынан Құран оқытып, дұға жасап, елдің басын қосатын ізгі шара. Алайда, соңғы жылдары ас емес, артық шығын мен ысыраптың ордасына айналып бар жатқандай.


АРДАҚ МОНТАЕВ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ 

«Шет елден келген азаматтарымыз біздің өткізіп жатқан құдайы асымызға таң қалып жатады. Тіпті, Сауд Арабиясы болсын, Түркия болсын көрші елдер біздің астарымызға, құдай тамақтарымызға той түрінде өтіп жатқанына сыни пікірлер айтып кетіп жатқаны бар. Біз енді осы құжатпен мұсылмандардың басқа елдердің ұстанатын ұстанымдарымен теңестірдік деп есептеймін. Осы бағытқа бағынып жүретін болсақ, абыройымыз артып, ынтымағымыз күшейіп еліміздің өңірлеріндегі айырмашылық азаяды».


Құдайы аста сән-салтанат емес, ниет пен ықылас басты орында болуы керек, дейді дін өкілдері. Сондықтан да арнайы мәзір бекітіліп, бүгінде оны халық арасында түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Көбі құп көргенмен, сауабынан бұрын саудасын ойлағандар кежегені кейін тартып әлек.


АХМЕТЖАН КЕРІМБЕК, НАИБ ИМАМ


Мұсылман мемлекеттерінде құдайы ас дастарханына 3 нәрседен артық зат қойылмайды. Осылай деген дінтанушы, теолог Дәлелхан Оспанов бұл таршылықтың белгісі емес, дейді. Діннің өзінде ысырапшылдыққа қатысты бірнеше дерек пен дәйек келтірілген.


ДӘЛЕЛХАН ОСПАНОВ, ДІНТАНУШЫ, ТЕОЛОГ

«Астың көптігінен сауап бармайды. Көп келген адамнан сауап бармайды. Сауаптың баруына кедергі жоқ. Мынандай жағдайда сауап жетиеді, мынандай жағдайда сауап жетпейді деген жоқ. Оның бәрі ниет. Сол үшін біз ниет қабыл болсын, дейміз. Ниет қабыл болған кезде ғана ата-бабамызға сауабы тиеді».


Қазақ халқының қасіретті күндерде де қағидасы бар. Соның бірі – қара жамылған үйде үш күнге дейін қазан көтерілмеуі. Бұл дегеніміз қаралы үйдің жан-дүниесіне құрметпен қарау. «Мұны салт-дәстүрімізге емес, ой- санамызға сыйдыруымыз қажет. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан үлкен этикалық ұстанымыздан жаңылмасақ екен», - дейді дін өкілдері.