Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Шаньдун провинциясындағы бірқатар ірі ауыл шаруашылығы және азық-түлік өңдеу кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізді. Делегация алдымен Циндао қаласында орналасқан «Wanlin Group» тобының құрамындағы компанияның өндіріс алаңында болды.
Кәсіпорын мұздатылған сарымсақ, пияз, сәбіз секілді көкөніс түрлерін өндіруге маманданған және жылына 8000 тоннадан астам өнім шығарады. Халықаралық нарықта атақты KFC, Nestlé сияқты алпауыт брендтерге өнім жеткізіп, АҚШ-қа жыл сайын 50 млн доллар көлемінде экспорт жасайды. Сондай-ақ өңір басшысы Qingdao Jincheng Agricultural Technology компаниясының өкілдерімен кездесті. Ауыл шаруашылығы қызметтерін көрсету және дәнді дақылдар саудасымен айналысатын бұл кәсіпорын жыл сайын 50 миллион келі астық өндіреді. Сапар аясында «Qingdao Dequan Food Co., Ltd.» компаниясының қызметімен танысу да жоспарланған болатын. Компания жылына 20 мың тоннадан астам өнім өндіріп, әлемдік нарыққа шығарады. Қытайлық серіктестер Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын жоғары бағалап, өңірде өндіріс орындарын ашуға және бірлескен агроөндірістік жобаларды іске асыруға ниет білдірді. Аталған кәсіпорындармен алдын ала келісімдерге қол жеткізіліп, алдағы уақытта нақты жобалар бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ, инвесторлармен қонақүй, медициналық кешен құрылысы да талқыланды. Делегация Wanlin тобының құрамындағы денсаулық сақтау орталығында болып, күтім және оңалтуды біріктіретін көпфункционалды кешенмен танысты. Нысан 5 жұлдызды стандартқа сәйкес салынған және 2000 стандартты төсек-орынмен қамтамасыз етілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізге шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.