Елімізде ең алғаш тәуелсіз журнал ашқан. Сөзі өткір, қаламы ұшқыр журналист Төрекелді Байтасов көзі тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Өзі кетсе де артынан өшпес із қалдырған руханият жанашырының қолдаушылары атаулы күнді А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында атап өтті. Оған зиялы қауым, қоғам қайраткерлері, мәдениет саласының қызметкерлері, ұстаздар, студенттер мен масс медиа өкілдері қатысты. Жиылған қауым марқұмның өмірінен сыр шертіп, еңбек жолын дәріптеді.
Төрекелді Серікбайұлының еңбек жолы 1977 жылы Алғабас ауданында басталды. Кейін Оңтүстік Қазақстан телерадиокомитетінде, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет атқарды. Ол — Қазақстандағы алғашқы тәуелсіз әдеби-көркем «Жібек Жолы» журналының негізін қалаушы әрі бас редакторы. Сонымен қатар «Нартәуекел» газетінің де іргесін қалады.
МҰХТАР ШЕРІМ, ЖАЗУШЫ, САТИРИК
Төрекелді Байтасов құрған «Жібек жолы» баспасы 500-ден астам кітап шығарды. Бірнеше тілде жазылған шығармаларды басып, баспа саласына жаңалық әкелді. Оның «Ұйқы ашқан ойлар», «Көктөбе сағымдары», «Оттай ыстық өмір» сынды туындылары оқырманға кеңінен танымал.
МОМБЕК ӘБДӘКІМҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Еңбегімен ел есінде қалған Төрекелді Байтасов – қазақ журналистикасы мен баспа саласының көрнекті өкілі. Ол 2001 жылы өмірден озса да соңында өшпейтін мұра қалдырды.
ТӨРЕБЕК БАЙТАСОВ, ТӨРЕКЕЛДІ БАЙТАСОВТЫҢ ҰЛЫ
«Ұлт руханиятының жанашыры» тақырыбында өткен кеште Байтасовтың халықтың рухани дүниесіне сүбелі үлес қосқандығы айтылды. Іс-шараның мақсаты – ел игілігіне еңбек еткен тұлғаның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын насихаттау, азаматтық ұстанымын жастарға үлгі ету. Сондай-ақ оқырмандардың патриоттық сезімін оятып, туған жердің ардақты азаматтарына деген құрметті арттыру.