Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиге көңіл айту жеделхатын жолдады. Айта кетсек, бұл мемлекетте бүгін сұмдық ұшақ апаты болды. Indian Express газетінің дерегінше, әуе лайнері бортындағы 242 адамның біреуі ғана тірі қалған. Жерде де бірталай тұрғын мерт болды деген мәлімет бар. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Осыдан бірнеше сағат бұрын Air India компаниясының лайнері апатқа ұшырады. Ұшақ елдің оңтүстігіндегі Ахмедабад қаласының авиациялық терминалынан аспанға көтерілгеннен кейін 5 минут өткенде құлаған. Лондонның «Гатвик» әуежайына аттанған «Боинг 787» бортында 242 адам болды. Олардың 169-ы – үндістандықтар, 53-і – британ азаматтары, жетеуі – португалиялықтар, біреуі – канадалық. India CNN телекомпаниясының дерегінше, Dreamliner ұшағы Медициналық колледж жатақханасының төбесіне түсіп, бірталай студентті де мерт қылған.
ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ОФИЦЕРІ:
"Біз бортында жолаушылар ұшағының дәрігерлер жатақханасының төбесіне құлағанын білдік. Полиция мен басқа да органдардың өкілдері бірден, екі-үш минуттың ішінде оқиға орнына жетті. Құтқару операциясы жалғасып жатыр, аумақтың 70-80 пайызы тазартылып болды".
Ұзақ сапарға арналған авиалайнерлерге әдетте отын көп құйылады. Сондықтан өрт қатты болды.
Ахмедабад әуежайының әуе тасымалдарын бақылау қызметінің хабарлауынша, жолаушылар «Боингы» жергілікті уақытпен түскі сағат 1-ден 39 минут кеткенде апат туралы белгі берген. Содан кейін 171-ші рейспен арадағы байланыс мүлде жоғалып кетіпті. Апаттың себебі әлі белгісіз.
АНИТА МЕНДИРАТТА, АВИАЦИЯ САРАПШЫСЫ:
«Мұндай апаттар, яғни, ұшақтың ұша салып құлауы сирек болатын оқиға. Бұны бірегей, жанды жаралайтын оқиға дер едім. Оның себептері көп. Солардың қатарында пилоттың немесе авиакомпания қателігі, ұшақтың өз ақауы, экология, қатты жел, жолдың көрінбеуі тәрізді факторлар болуы мүмкін. Кейде осындай жайттардың жиынтығы да трагедияға әкелуі мүмкін».
Dreamliner 2009 жылы пайда болып, оның мыңнан астам данасы әлем елдерінің әуе компанияларына сатылған. Авиациялық қауіпсіздік желісінің ақпаратына жүгінсек, «Боинг-787» ұшағы тарихта алғаш рет құлап отыр.