«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында Шымкентте үздік тауарлар көрмесі өтіп жатыр. Оған 100-ден астам компания қатысып, өз өнімдерін ұсынуда. Шаруаға қажетті заттар мен азық-түлік сапасын арна тілшісі Кенжехан Дүйсенбі де көріп қайтты.
Кәсіп болса, нәсіп болады. Айгерім Ержанқызы жартылай дайын өнім шығаруды қолға алған. Түшпара, жайма, хаттама секілді 15 түрлі өнім шығарады. Біржарым жылда өрісі кеңейіп 10 адамды жұмыспен қамтыған. Әлеуметтік желі арқылы Әйгерім жасаған өнімін жұртқа танытқан.
АЙГЕРІМ ЕРЖАНҚЫЗЫ, КӘСІПКЕР
Соның ішінде ең хит өнім қолдан түйілген пельмен. Бұл бизнесті бастауыма оқырмандарым себеп болған болатын. Фирмамыздың аты Алтын оқтау деп аталады. Біздің өнімдеріміздің барлығы қолдан және оқтаумен жасалады. Қазақша брент дамысын деген ниетпен атағанмын. Екінші кезекте біздің хит бешбармақ өніміміз.
«Есі кеткен ешкі асырайды». Ералы Сәдуақасовтың есімін ел ешкі шаруашылығы арқылы таниды. 8 жылдан бері Сексек баба тұқымын өсіріп келеді. Асыл тұқымды ешкі сүтінен оншақты өнім түрін шығарады.
ЕРАЛЫ СӘДУАҚАСОВ, КӘСІПКЕР
Немереміз ауырды содан ешкінің сүті керек деді да сонымен ешкі асырадық. Сөйтіп сөйтіп осыған ұласып кеттікғой.
«Қазақстанның үздік тауары – 2025» өңірлік байқауына Шымкент қаласының кәсібін жаңадан бастаған және бұрыннан танымал отандық тауар өндірушілері қатысты. Олардың арасында азық-түлік өнімдері мен тұрмыстық заттар, текстильден бастап медициналық өнімдер, жиһаздар мен өндірістік құрылғылар өндіретін ірі компаниялар да бар.
САБИРА АДАМБЕКОВА, КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Осы 17 кәсіпкер конкурсқа қатысу турадлы өтінімдерін тапсырды. Арасынан 9 кәсіпкер іріктеуден өтіп Республикалық үздік тауар өндірушілер конкурсына қатысатын болады.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы оқыту және консультациялық сүйемелдеу арқылы жергілікті өнімнің бірегей түрлерін жасау және олардың сапасын арттыру мақсатында қолға алынған. Осының аясында кәсіпкерлер жергілікті брендтерді құруда нақты көмек, сондай-ақ, халықаралық және республикалық сауда алаңдарына шығу үшін маркетингтік сүйемелдеуде қолдау алады.