Шымкенттік полицей өз өмірін қатерге тігіп, құқық бұзушыны тоқтатты. 12 маусымда полиция қызметкерлері агрессивті көлік жүргізу белгілерін көрсеткен Daewoo Nexia көлігін анықтап, тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші заңды талапты елемей тоқтағандай кейіп танытқан. Сақшылар тексеріс жүргізуге жақындаған сәтте көлікті қайта жүргізіп, жүйітки жөнелген.
Құқық бұзушыны тоқтатпақ болған полицейлердің бірі көлік капотына шығып кеткен. Бұған қарамастан, жүргізуші тәртіп сақшысының өміріне қауіп төндіріп, жоғары жылдамдықпен жүрген. Абырой болғанда полицейлер оны дер кезінде тоқтатып, ұстаған. Қазір жүргізушіге билік өкіліне күш қолдану жайты бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.