Әлемде шамамен 500 миллионға жуық кітап бар. Оның бәрін оқып, ой түюге адам ғұмыры жетпейді. Өмірге азық, білімге бағыт болар туындыны таңдап, талғап оқу аса маңызды. Ол үшін жөн сілтер нұсқаушы, бағыт-бағдар беретін ұстаз болуы қажет. Кітапханашы Аяужан Бакирова осы жауапкершілікті иығына жүктеп, үддесінен шығып жүрген білікті маман. Тәжірибелі қызметкер жас өреннің талғамына сай шығармаларды ұсынып, таным көкжиегін кеңейтеді.


АЯУЖАН БАКИРОВА, КІТАПХАНАШЫ

«Біздің қызмет кітап берумен ғана шектелмейді. Сөрелерді сүртіп те шығамыз. Тазалығымыз бар» – «Жаңадан келген кітаптарды сөрелерге жайғастырамыз.» 


33 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман жас буынды кітап оқуға баулып, зейінін арттыруға ат салысады. Ол үшін іс-шара ұйымдастырып, жастарды туынды оқуға тартады. Айтуынша, кітапханашы әмбебап қызметкер. Бір бойынан актер, әнші, ұйымдастырушы, жүргізуші сынды түрлі қабілет табылады. Бұл саланың қызық тұсы да осы, - дейді Аяужан Әмзеқызы.


АЯУЖАН БАКИРОВА, КІТАПХАНАШЫ

«Бірінші жылы кітапханаға маған Алдаркөсенің рөлін берген. Сосын бай адамның да рөлін сомдап шыққаным да бар. Сол менің есімнен ешқашан кетпейді.»


Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №2 бөлімшесінде 26 мыңға жуық кітап бар. Оның 6 мыңы қазақ тіліндегі оқулық. Сондай-ақ мекемеде сирек кездесетін, ескі туындылар қоры да сақталған.


АЛИЯ СЛАМБЕКҚЫЗЫ, БӨЛІМШЕ МЕҢГЕРУШІСІ

«Менің қолымда Мерзлякованың 1830 жылы шыққан кітабы тұр.» -  «Біздің кітапханамызда мұндай 1000-ға жуық кітап бар.»


Кітапхана ұжымы сирек кітаптар қорын кеңейту мақсатында арнайы акция ұйымдастырған. Оған сәйкес ескі, сирек туындыларын кітапхана қорына тапсырған оқырман бағалы сыйлықтарға қол жеткізеді. Бұл қала тұрғындарының білім бұлағын ашып, арнасын кеңейтуге қосқан орасан зор үлесі дейді мамандар.