3 шілдеден бастап «Тоқты мен серке» анимациялық фильмі үлкен экрандарға жол тартады. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы құрамындағы «Balapan» телеарнасының төл өнімі аллегориялық тәсілді сәтті пайдаланып, адами құндылықтар мен ізгілікті дәріптейді.
Туынды қазақы қалжың мен қызық оқиғалардан тұрады. Мультфильмнің бас кейіпкерлері – үй маңынан ұзап көрмеген - Тоқты мен Серке. Бұған дейінгі бөлімдерге екі досқа түз тағылары тіс қайрап жүрсе, енді оның қатарына Гектар атты алып ит қосылады. Қара күшіне сенген Гектар Тоқты мен Серкені ұрлап әкетіп, олардың мамыражай өмірін бір-ақ түнде өзгертеді. Жат жерге тап болған екеу өз ауылдарына аман-есен оралудың жолын іздеп, шарқ ұрады. Оқиға немен аяқталатын білгілеріңіз келсе, кинотеатрға билет алып, төл туындыны қолдауға асығыңыз! Айта кетейік, Биыл «Balapan» телеарнасының ашылғанына 15 жыл толады. Осыған орай, еліміздегі жалғыз балалар арнасы 2022 жылдан бері үздіксіз өндіріп келе жатқан «Тоқты мен Серке» мультхикаясын көреремен назарына толықметрлі анимациялық фильм түрінде ұсынып, балаларға базарлық жасауды көздеген.