Ауа-райының құбылмалы мінезіне, қарына, жаңбырына, аптап ыстығы мен сарышұнақ аязына қарамай қыр-даланы кезіп ел тыныштығын күзеткен тәртіп сақшылары – мақтау мен марапатқа лайық. Өкінішке қарай, ел ішінде полиция қызметкерлеріне деген сын мен теріс көзқарас қалыптасқан. Ерен еңбек еленбей, тасада қалып жатады. Тәртіп сақшыларын пара алады, орынсыз айыппұл салады деп, жалпылама кінәлайтындар бар. Бес саусақ бірдей емес. Ісіне берік, антына адал қызметкерлер де жеткілікті. Соның бірі – Ордабасылық полиция капитаны Жандос Сапаралы.
Уақытпен санаспай жұмыс істейтін оның күнделікті қызметі таңғы сағат 08:00 –де басталып, түнгі 21:00-ге дейін жалғасады. Алайда белгіленген мерзімнен кейін де қоңырау түсіп, халық көмек сұрап жатса, учаскелік инспектор ел алдындағы борышын абыроймен өтеуге әрқашан дайын. «Халықпен тығыз байланыс орнату – біздің ең басты міндетіміз. Профилактика дегеніміз - арыз-шағымды тіркеп қою ғана емес, оның түбіне үңіліп, алдын алу - дейді антына адал, сертіне берік полицей. 10 жылдық еңбек өтілі бар сақшы бүгінде өз ортасында сыйлы. Жергілікті полиция қызметіндегі үздік қызметкерлердің бірі.