Темір тордың арғы жағында жазасын өтеушілер техникалық мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Өткен жылы Леңгір қаласы, №55-ші түзету мекемесіндегі 150-ге жуық азамат білімін растап, диплом алды. Мұндай мүмкіндік Түркістан облыстық білім басқармасымен түзілген келісім-шарттар негізінде жүзеге асып, сотталушылардың жазасын өтеп шыққаннан кейінгі өміріне оң ықпал етуде.
Азамат Төлепбергенов үшін бүгін ерекше күн. Өйткені жазасын өтеуші 10 ай бойы оқыған білімінің нәтижесін дәлелдемек. Азаматтың таңдаған мамандығы – токарь ісі және ағаш ұстасы. Нарықта өте қажетті мамандық. Қорытынды аттестаттау емтихандарын ойдағыдай тапсырды, енді қолына диплом алатын күн жақын.
АЗАМАТ ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ
Таңдаған мамандығым өзіме ұнайды. Шыққан соң кәсіп ашамын деген ниеттемін...
Леңгір қаласында №8 колледждің 11 ұстазы 10 ай бойы темір тордың арғы жағында белгіленген кестеден кешікпей дәріс береді. 6 мамандық бойынша. Олар: дәнекерлеу ісі, құрылысшы, автокөліктер мен электр жабдығын жөндеуші және тігіншілер. Түрме аумағында білім алушыларға бар жағдай жасалған. Ыңғайлы аудиториялар өз алдына. 6 мамандыққа 6 өндірістік цех жұмыс істеп тұр.
НҰРСҰЛУ ҚАЛИЕВА, №8 КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ
Жыл сайын жазасын өтеушілерді оқытып, қолына дипломын беріп жатырмыз. Бұл үлкен жұмыс. Әрі олардың түзу жолға түсуіне үлкен мүмкіндік...
Биыл 143 сотталушы кәсіптік білімін растайтын құжатқа ие болады. Олардың жас ерекшеліктері де әртүрлі. 18 жастан 59-ға дейін. Мұның барлығы аяқтарын шалыс басқан жандарды түзу жолға салып, бостандықта өз жолын табуға мүмкіндік жасайды дейді түрме қызметкерлері. Олардың айтуынша, жақында жазасын өтеп шыққан бір азамат алған білімінің арқасында өз кәсібін ашыпты.