Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласындағы маңызды келіссөздер жүргізді. Олар Шаньдун провинциясында орналасқан бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, өңірге заманауи технологиялар тарту бойынша келісімдерге қол жеткізді.
Делегация Цзинин қаласында. Әлемдік сарымсақ өндірісінің көшбасшысы Wanglin Group компаниясымен кездесіп, Түркістан облысында агроиндустриялық кластер құру және сарымсақты терең өңдеу зауытын салу туралы келісімге келді. Бұл жоба фермерлерге тұрақты табыс әкеліп, өнімді халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
ӨНДІРІСТІК СЕРІКТЕСТІК
Бұдан соң делегация Линьи қаласында болды. Ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін Shandong Huasheng Zhongtian зауытын көрді. Сонымен қатар электр желілеріне арналған металл тіректер мен экологиялық LED жарықтандыру жүйелерін шығаратын кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Күн энергиясымен жұмыс істейтін шамдар облыстың инфрақұрылымдық жобаларында қолданылатын болады.
ЗАМАНАУИ ШЕШІМДЕР МЕН ЖАҢА ӨНІМДЕР
Делегация «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» компаниясымен серіктестік орнатып, Түркістанда KHAN TAU брендімен капсулалы үйлер өндірісін бастау бойынша уағдаласты. Алғашқы дайын өнім өңірге жақын уақытта жеткізілмек.
ӨҢІР ҮШІН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
Сапар нәтижесінде Түркістан облысында сарымсақты өңдеу зауыты, заманауи жарықтандыру жүйелері және инновациялық құрылыс өнімдерін өндіруді дамыту бағытында нақты қадамдар жасалды. Бұл жобалар өңір экономикасын нығайтып, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Облыс басшылығы бұл сапарды ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды оқиға ретінде бағалап отыр.