Биыл 15 мың адамға рақымшылық жасалуы мүмкін. Қанша адам түрмеден бостандыққа шығады? Ал, қаншасының жаза мерзімі қысқарады? Темір торға тоғытылған қанша әйел отбасына оралады?Бүгін Мәжіліс депутаттары Конституцияның отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды қабылдады. Самал Қабышеваның бейнематериалы.
Жемқорлық, терроризм, экстремизм, азаптау. Осы баптармен сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді. Депутат Абзал Құспанның сөзінше, Қазақстанда қазір жемқорлық бойынша 624 адам, терроризм бойынша – 294, экстремизм бойынша – 96, азаптау бабымен 48 адам қамауда отыр. Ал, рақымшылыққа ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасағандар ілінеді.
АБЗАЛ ҚҰСПАН - ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
ҚАЖ мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған, барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады. Одан бөлек, қылмыстық жазасын өтеуге соңғы 1 жыл қалған, оң мінезделетін 1700-ден астам сотталған азаматтар босап шығады.
Сондай-ақ, 11 мың адамның өтелмеген жазасын саралап қысқарту көзделген. Бұдан бөлек, соттарда қаралмаған істерді тоқтату ұсынылды. Осылайша, 2100-ден аса қылмыстық бойынша істі жабу көзделген. Рақымшылық әлеуметтік осал санаттағыларға да жасалады. Әйелдердің де жазасы жеңілдейді.
ҚАРАҚАТ ӘБДЕН – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Нақты категориялары бар. Біріншіден, жүкті әйелдер, жастары ұлғайған әйелдер, мүгедектігі бар әйелдер. Ең бастысы үйлерінде кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер. Біздің өзіміздің санауымыз бойынша бүгінде 2 мыңға жуық әйел босатылатын болады. Оған қоса, пробацияда жүрген әйелдердің жазасы жеңілдейді.
Жалпы, бұған дейін елімізде сотталғандарға 9 рет рақымшылық жасалған.
Қазір 63 түрме мен 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам қамауда. Олардың ішінде 33 мыңы бас бостандығынан айырылғандар. Ал, 7 мыңы тергеу қамауындағы адамдар. Бұдан бөлек, сотталған 27 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр.
САМАЛ ҚАБЫШЕВА – ТІЛШІ
Сонымен, 15 мың адамға рақымшылық жасалады деп жоспарлануда. Ал, оларды қамтамасыз ету үшін жылына бюджеттен 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп келген. Қоғамға аса қаупі жоқ сотталғандарға рақымшылық жасау арқылы бюджет қаражатын үнемдеп, қаржыны түгендеп, қажет салаға жұмсауымыз керек, деді депутат Абзал Құспан.