Көптің көкейіндегі сауал: «Қиял әлемі» саябағы толық сүріле ме? Ондағы атракциондар қайда көшіріледі? Бос орын қандай мақсатта пайдаланылмақ? Осы және өзге де сұрақтарға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек брифингте толыққанды жауап берді. Оның айтуынша, кәсіпкерлер 1 шілдеге дейін барлық атракциондарды бұзып, алып кетуі тиіс. Олай болмаған жағдайда шара қолданылуы мүмкін. Қанат Жолдасбек тарқата айтады.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Ел ішінде саябақ алаңы жекеге өтіп, орнына тұрғын үй кешені салынуы мүмкін дейтін болжамды тұжырымдар жүрді. Сәрсен Абайұлы алып-қашпа дақпыртқа иланбауға шақырып, оның жалған екенін мәлімдеді.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ

«Ол жерде ол кісілердің бірде-бір атракционы қалмайды. Парк - парк күйінде қалады. Жекеменшікке берілмейді. Ол жерде тұрғын үй салынбайды. Парк - парк қалпында қалады.»


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Өткен аптада тергеу органдары 185 қылмыстық істі тіркеген. Оның ішінде 28 ұрлық, 12 есірткі айналымына қатысты дерек, тонау және жол-көлік оқиғаларына байланысты 20-ға жуық бұзушылық анықталған. Антирейтингті бастап тұрған – алаяқтық фактілер. Бұл санаттағы деректер саны 43. Жалған сөйлеп, айла асыруды арсынбайтын алаяқтар тұрғындардың сеніміне кіріп, түрлі тәсілдермен ақша жымқырады. Мәселен:


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, ӘКІМДІКТІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ

«Өткен аптада С есімді азаматшаға белгісіз адам қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған. Шотынан күмәнді несие рәсімделгенін айтып, оны қауіпсіз шотқа аударуын өтініп 2 млн 700 мың теңгесін иемденген. Бұл туралы қылмыстық іс тіркелген»


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Баспасөз отырысы әрі қарай сұрақ-жауап форматына ауысты. Ресми өкіл журналистер жолдаған сауалдарға жеке-дара тоқталып, толыққанды жауап берді.