Шымкент қаласында ұлттық спорт түрлерінің өсуі мен болашақ бағыттарын талқылауға арналған маңызды кездесу өтті. Оған өңірлік ұлттық спорт федерацияларының 15-тен астам өкілі қатысып, пікір алмасты. Жиналыс барысында федерациялар 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы орындалған жұмыстар бойынша толық есеп берді. Сонымен қатар, ұлттық спорт саласын жүйелі дамытуға бағытталған 10 басты ұсыныс қаралды.
Жиынның басты мақсаты – биылдан бастап ұлттық спорт түрлерінің олимпиадалық спортпен тең дәрежеге көтерілуіне байланысты атқарылатын жұмыстарды ретке келтіріп, алдағы жоспарларды нақтылау. Бұл – ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, спорт саласында жаңа жетістіктерге жол ашатын маңызды қадам.
ЕРМЕК ДАРМЕНОВ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ
Ұлттық спорт түрлерін дамыту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Жергілікті спортшыларға қолдау көрсету, жастарды тарту және материалдық базаны нығайту бағытында жұмыстар жалғасады.
Сонымен қатар спорттағы жетістіктерімен ерекшеленген бірқатар үздік спортшылар басқарманың Алғыс хатымен марапатталды. Қазақ күресінен әлем чемпионатында топ жарған Қожамбеков Жұмажан, Бахиева Альбина және Мұзаппаров Ерсұлтан – ел мерейін үстем еткен дарынды спортшылар. Ал Асан Балтабайға ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
АСАН БАЛТАБАЙ, «КӨКПАР» СПОРТЫ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Түркістан облысында шабандоздарымыз біздің ұлттық ерекшелігіміздің бір көрінісі. Өңірде арнайы спорт клубы жұмыс істейді және бұл бағыттағы жұмыс сіздердің тараптарыңыздан қаржылай қолдау тауып отыр. Қазіргі таңда клуб жүйелі түрде жұмыс істеп, бірқатар шабандоздарға ынталандыру ретінде қаржылай төлемдер жүргізілуде.
Жиын барысында жастарды ұлттық спортқа баулу және оларға жан-жақты қолдау көрсету мәселелері де кеңінен талқыланды. Бүгінде дарынды жас спортшыларға мүмкіндік беріп, олардың әлеуетін толық ашуға бағытталған нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бұл спортты дамыту ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың бойында ұлттық рух пен патриоттық сананы қалыптастырудың тиімді жолы.