Өзбекәлі Жәнібеков атындағы педагогикалық университетінде Білім күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жаңа оқу жылының басталуына арналған мерекелік жиында ұстаздар мен студенттер бас қосты. Шараға арнайы қатысқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы құттықтау сөз сөйлеп, білім ордасының ұстаздары мен студенттеріне жаңа жетістіктер мен табыс тіледі. Сондай-ақ, жас буынға сенім артылып, болашақ мамандардың еліміздің дамуына қосар үлесі зор екені айтылды.
2025-2026 оқу жылында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы педагогикалық университетіне барлығы 3000-ға жуық студент қабылданды. Оның ішінде 2400-ден астам жас бакалавриатқа, 296 студент магистратураға, 40-ы докторантураға оқуға қабылданған. Биылғы қабылдауда 1196 «Алтын белгі» иегері мен 285 үздік аттестат иегері білім ордасының студенті атанды.
Университетте 40 бакалавриат, 22 магистратура және 13 докторантура бағдарламасы жұмыс істейді. Қазір мұнда 80 мыңға жуық студент білім алуда. Оқытушылар құрамының 52 пайызы ғылыми дәрежесі бар мамандар, 18 ғылым докторы, 373 ғылым кандидаты және 31 философия докторы.Университет жалпы рейтингте еліміз бойынша 8-орында, ал педагогикалық бағытта 2 орында тұр.
Әкімдік грантының иегері атанғандардың қатарында Айкен Мақсатқызы да бар. Ол биыл алғаш рет студент атанып, арманын жүзеге асыру жолында үлкен қадам жасады. Қолдау тапқан студент енді білімін тереңдетіп, кәсіби жолын нық бастауға ниетті.
Іс-шарада университеттің жетістіктері атап өтіліп, студенттерге жылы лебіздер жолданды. Университет жастары мерекелік концерт қойып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Айта кетейік, биыл Шымкент қаласы әкімдігі 285 білім грантын бөлсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 129, биылғы оқу жылында әкімдік тарапынан тек педагогикалық мамандықтарға 22 арнайы грант тағайындалды. Сонымен бірге мемлекет тарапынан 572 грант қарастырылып, жас мамандарға үлкен қолдау көрсетілді.