Шымкентте білім саласында бұрын-соңды болмаған ауқымды жәрмеңке өтті. Қаланың әр түкпірінен жиналған ата-аналар мен оқушылардың қызығушылығын тудырған іс-шараға 5 мыңға жуық адам қатысты. Мұнда 19 жекеменшік мектеп өз жетістіктері мен бірегей білім беру әдістемелерін көпшілікке таныстырды. Жәрмеңке алаңына арнайы келген қалалық білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова оқу орындарының даму бағытымен танысып, жаңа форматтағы білім берудің артықшылықтарына тоқталды. Ол мұндай ашық кездесулер ата-ана мен мектеп арасындағы сенімді нығайтып, сапалы білімге жол ашатынын жеткізді.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – қаладағы жекеменшік білім беру мекемелерінің әлеуетін көрсету. Әр мектеп өз бағдарламасын, табысты түлектерін, олимпиада жеңімпаздарын және бірегей әдістемелерін ұсынып, келушілердің ерекше қызығушылығына ие болды. Сондай-ақ, іс-шара барысында жас мамандарға арналған бос жұмыс орындары ұсынылып, педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектері үшін тікелей жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылды.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 128 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Соның ішінде 19 мектеп осы жәрмеңкеге қатысып, өздерінің жаңашыл бастамаларын, шығармашылық жобаларын және оқушылар жетістіктерін кеңінен көрсетті. Білім беру сапасына қойылатын талап – бәріне ортақ. Мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, басты мақсат – сапалы, қолжетімді және қауіпсіз оқу орнын қалыптастыру.
Көрмеде мектептердің ғылыми, спорттық және өнер бағытындағы табыстары да көпшіліктің назарын аударды. Оқушылар өз қолымен жасаған жобаларын таныстырып, түрлі байқауларда алған жүлделерін көрсетті. Жекеменшік мектептердің ерекшелігі сол - әрқайсысының оқыту тәсілінде өзіндік ерекшелік бар. Бірі технологияға басымдық берсе, енді бірі шығармашылыққа негізделген оқыту жүйесін ұсынуда.
Ашық форматтағы мұндай кездесулер арқылы ата-аналар мектеп ұжымымен тікелей танысып, оқу мазмұны, тәрбие жүйесі, үйірмелер мен қосымша курстар жайында толық ақпарат алды.
Алғаш рет ұйымдастырылған білім жәрмеңкесі мазмұны мен форматы жағынан жаңа бағыттағы тың бастама болды. Қатысушылар оқу-ағарту саласындағы өзекті мәселелер мен мүмкіндіктерді айтып, ашық пікір алмасты. Ұйымдастырушылар мұндай форматтағы көрмені жыл сайын өткізбек ниетте. Бұл – сапалы білімге бастайтын ашық әрі тиімді алаңға айналмақ.