Шымкентте имамдар мен теологтар үш күндік семинарға қатысты. Қалалық прокуратура мен дін істері басқармасы ұйымдастырған курста қоғамдағы діни тұрақтылықты сақтау жолдары талқыланды.


Жиында мамандар жалған ақпараттың таралуына тосқауыл қоюдың тәсілдерін үйренді. Сонымен бірге жастар арасында дұрыс түсінік қалыптастырудың жаңа әдістері көрсетілді.


САМАТ АНАРБАЕВ, «БИБІСАРА АНА» МЕШІТІНІҢ ИМАМЫ

Ұйымдастырылып жатқан үш күндік курс өте сәтті өтті. Имам ретінде біз қоғамда руханиятқа жөн сілтеп, тыныштыққа, ынтымақ пен бірлікке, бейбітшілікке қызмет етеміз. Сол себепті заман тудырған сұрақтар мен түрлі шиеленіскен жағдайларды, қоғамның өзекті мәселелерін қалай көтеру керектігін үйрену біз үшін маңызды. Лектор ұстаздарымыз дәл осы тақырыптарды қозғап өтті. Біз бұған қуаныштымыз.


Семинар барысында діни экстремизм мен радикалды идеялардың алдын алу жолдары талданып, мамандарға тәжірибелік сабақтар өткізілді. Қатысушылар нақты жағдайларға талдау жасап, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың тиімді жолдарын ортаға салды. Теологтар түсіндіру жұмыстарында ашық диалог пен жаңа коммуникациялық тәсілдерді қолдану қажетттігін атап өтті.


 ТАҢШОЛПАН МҰХТАРҚЫЗЫ, ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫ, ДІН МӘСЕЛЕЛЕРІН ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТЕОЛОГЫ

 Өзіме ерекше ұнаған тақырып діни сараптама жүргізу мәселесі болды. Оның құрылымы мен жүргізілу тәртібі кеңінен қозғалды. Сонымен қатар бұл курста теологтар мен имамдардың, ақпараттық топ мүшелерінің қоғам алдында көпшілікке қалай сөйлеу керектігі, өзін-өзі ұстау мәдениеті және болуы тиіс дағдыларды жетілдіру бағытында да тәжірибе берілді.


Семинар соңында имамдар мен теологтарға арнайы сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай оқыту курстары жалғасатынын жеткізді.