Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласының прокуратурасы дәстүрлі «Мектепке жол» акциясын ұйымдастырды. Қайырымдылық шарасы аясында әлеуметтік тұрғыдан осал және көпбалалы отбасылардың 100 баласына мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталды.


ШЫНАР ҚАРШЫҒАҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АППАРАТ БАСШЫСЫ

Әкесі алимент төлемейтін балалардың тізімі бойынша 50 балаға көмек бердік. Тағы 50 баланы білім басқармасы ұсынды. Біздің мақсат әрбір бала қатарынан қалмай, жақсы білім алсын. Балалардың қуанышты күлкісі біздің ортақ жеңісіміз.


Акция аясында мектепке дайындық жасаған оқушылардың жүзінен қуаныш байқауға болады. Солардың бірі 7-сынып оқушысы Мұратжан Қошақов. Ол болашақта фельдшер болуды армандайды.


МҰРАТЖАН ҚОШАҚОВ, ОҚУШЫ

Маған жаңа оқу жылына керек құралдар берді. Рахмет айтамын. Болашақта дәрігер болып, адамдарға көмектескім келеді.


Ал 3-сыныпқа өткен Жанерке Әбибулла мектепке деген қызығушылығын жасырмады.


ЖАНЕРКЕ ӘБИБУЛЛА, ОҚУШЫ

Маған жаңа дәптерлер, қаламдар қатты ұнады. Жақсы оқып, мұғалімдерімді қуантуға тырысамын.


Прокуратура мұнымен шектелмей, апта сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл іс-шараға алимент төлемей жүргендер мен жұмыссыз азаматтар шақырылып, еңбекке орналасуға мүмкіндік алады. Ал, «Мектепке жол – болашаққа жол» акциясы балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамдағы қамқорлық пен бірлікті көрсетті.