Елімізде қазан айынан бастап үсік күтіледі. Қазгидромет мамандары 2025 жылдың қыркүйек–қараша айларына арналған консультативтік болжамды ұсынды. Сарапшылардың айтуынша, күз – жылдың ең құбылмалы мезгілдерінің бірі. Сондықтан да алдағы айларда салқындау, жиі жауын-шашын, тұман, тіпті алғашқы қар түсуі мүмкін.


 Қыркүйек айында еліміздің басым бөлігінде орташа айлық температура қалыпты деңгейде сақталмақ. Батыс өңірлерде ауа температурасы нормадан 1 градусқа жоғары болады деп күтіледі. Ал шығыс пен оңтүстік-шығыста, керісінше, сәл төмендеуі ықтимал. Орта есеппен алғанда, Қазақстанның көп бөлігінде күн +10…+16 градус аралығында болса, оңтүстікте +17…+21 градус шамасында, ал таулы өңірлерде +4…+9 градус көлемінде сақталады. Жауын-шашын негізінен қалыпты деңгейде болады. Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының жекелеген бөліктерінде нормадан төмен болуы мүмкін. Синоптиктер халыққа ауа райының өзгерістерін қадағалап, күзгі маусымға алдын ала дайын болуды ескеріп отыр.