Шымкентте «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі 70 жылдық мерейтойы аясында кәсіби бишілерге арналған шеберлік сағатын өткізді. Оған аймақтағы би ұжымдарының мүшелері мен хореографтар қатысты. «Би керуені» басқа да облыстарда жалғасып жатыр.
АЙГЕРІМ ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ
Кәсіби деңгейдегі сабақ барысында ансамбльдің жетекші хореографтары мен бишілері ұлттық және заманауи би өнерінің құпияларымен бөлісті. Шеберлік сағатында қазақ би өнерінің техникасы мен ерекшеліктері, сондай-ақ өзге халықтардың би стильдері таныстырылды. Ансамбль репертуарында 150-ге жуық этностың ұлттық биі бар екенін ескерсек, бұл сабақ жас хореографтар үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Іс-шара аясында өткен концертте қазақ би өнерінің жауһарлары мен орыс, ұйғыр, болгар, татар, кәріс, қытай, өзбек, тәжік, моңғол және басқа да халықтардың билері сахналанып, көп этносты Қазақстанның мәдени байлығы паш етілді. Киелі Түркістан шаһарынан басталған гострольдік сапар Шымкентте жалғасып, арнайы концерттік бағдарлама да ұсынылды. «Би керуені» енді еліміздің тағы бірнеше аймағына сапарлап шеберлік сағатын өткізеді, би кешін ұйымдастырады