Елімізде көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік мас күйде басқардарға қолданылатын әкімшілік заң қатаң. Олар 7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін. Кейбір азаматтар мұның тым қатал жаза екенін алға тартып, өзгеріс енгізуді талап етеді. Бірақ, Ішкі істер минситрлігі бұл уәжбен келіспейді.
Өйткені, соңғы бес жылда мас жүргізушілер кесірінен 2,5 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 500-ге жуық адам қаза тапқан. 3 300-ге тарта азамат жарақат алып, денсаулығына зиян келген. Сондықтан да ресми өкіл масаң күйде көлік жүргізіп, өзі мен өзгенің өмірін қатар қауіпке тігетіндерге қолданылатын жазаның жеңілдемейтінін алға тартады. «Мас күйде көлік жүргізу кісі өлтіруге ұмтылу» деген жауаптылар қабылданған қатаң шаралар оң нәтиже беріп, көлік жүргізу мәдениетін жетілдіре түскенін айтады. Соңғы уақытта автокөлік саны күрт өссе де, мас күйде ұсталатын жүргізушілер қатары азайған.
ШЫҢҒЫС АЛЕКЕШЕВ, ІІМ РЕСМИ ӨКІЛІ
«Бұл қатаң шаралардың тиімді екенін көрсетеді. Олар тек жауапқа тарту үшін емес, қылмыстың алдын алу үшін қажет. Көптеген елдерде мұндай құқықбұзушылықтар үшін жаза одан да қатаң — жүргізуші куәлігін өмір бойына алып қоюға, көлікті тәркілеуге дейін барады.» - «Ішкі істер министрлігі жаза шараларын алып тастау немесе жеңілдету туралы кез келген ұсынысты орынсыз деп санайды.»