Қазақстан Словакияға мұнай-газ және уран экспорттауға дайын. Мемлекет басшысы Қазақстан Еуропа елімен әріптестікті нығайтуға ниетті екенін айтты. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Словакия Премьер-министрімен келіссөз жүргізді. Президент Еуроодақ мемлекетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту жобасына қатысуға шақырды. Сонымен қатар Қазақстан Словакияның су ресурстарын басқару ісіндегі озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын. Қазақ-словак қарым-қатынасының болашағы қалай болмақ? Тараптар бүгін қандай келісім жасады? Ақордадан тілшіміз жалғайды.
Бұл Роберт Фицоның Қазақстанға алғашқы ат басын бұруы. Словакияның үкімет басшысын Ақорда сән-салтанатпен қарсы алды.
ШЕРХАН ЖАМБЫЛҰЛЫ ТІЛШІ
Словакия парламенттік ел. Сондықтан негізгі билік үкімет басшысының қолында. Ал Роберт Фицо осы лауазымға осымен үшінші рет келіп отырған Еуропадағы беделді саясаткерлердің бірі. Қазақстан мен Словакия сауда-саттықты артырып, инвестициялық байланыстарды арттыруға ниетті. Бүгінгі жоғары деңгейдегі келіссөздің негізгі тақырыбы да экономика мәселесі болмақ./
СЛОВАКИЯ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТАҒЫ СЕНІМДІ СЕРІКТЕСІ
Словакия Қазақстанның Еуропадағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Осылай деген Мемлекет басшысы әріптестікті тереңдетуге ниетті екенін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Қазақстан мен Словакияны тығыз ықпалдастық байланыстырады. Біз ірі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Дегенмен тиісті деңгейде зерделеп және болашақта қолға алатын жаңа бағыттар бар деп ойлаймын.
РОБЕРТ ФИЦО СЛОВАКИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ АУДАРМА
Елдеріміздің саяси ұстанымында алшақтық жоқ екенін растаймын. Сондықтан өзара тиімді экономикалық байланыс пен достыққа баса мән беруіміз керек.
Графика: Екі ел арасындағы алыс-беріс артып келеді. Былтыр сауда-саттық 140,3 млн долларға жеткен. Ал биылғы қаңтар-наурызда 45 пайызға өсіп, 31,3 млн доллар болды. Қазақстан ферроқорытпа, мұздатылған өнімдер және машина бөлшектерін экспорттайды. Ал Словакиядан техника, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек, азық-түлік пен жиһаз сатып аламыз.
РОМАН СКЛЯР ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
Алыс-беріс әлеуеті жоғары. Әсіресе ауыл шаруашылығы, машина жасау, туризм бағытында. Словакия бұрын бізден 3 млн тоннаға дейін мұнай сатып алатын. Қазір логистикалық мәселелерге байланысты ол тоқтап тұр. Бұл мәселе талқыланады. Қорғаныс өнеркәсібі бойынша да ортақ жоба іске асуы мүмкін.
Бұған қос елдің бизнес өкілдері үлес қосуға даяр. Қазақстанда Словакияның 30-дан астам компаниясы жұмыс істейді және 22 бірлескен кәсіпорын түрлі секторда қызмет етіп жатыр. Тек бизнес емес елдерді тарихи байланыс та біріктіреді. Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде Словкияны азат етуге қазақстандық жауынгерлер қатысып, 60 мың отандасымыз қаза тапқан. Роберт Фицо бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймыз деді. Премьер қазіргі Қазақстандағы өзгерістерге де өз бағасын берді.
РОБЕРТ ФИЦО СЛОВАКИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
Сіздің еліңізді дамытуға және Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды құруға бағытталған өршіл бастамаларыңызды асқан қызығушылықпен бақылап отырмыз. Еуропа Одағындағы әріптестеріме тек Ұйым шеңберіндегі жұмыспен шектелмей, әлемге кеңінен қарап, өзге де мемлекеттердің жетістіктерін зерделеу керек екенін үнемі айтып келемін. Біз дүние жүзіндегі серіктестерімізбен белсенді ықпалдастық орнатып, ынтымақтастықты нығайта беруіміз қажет.
ҚАЗАҚСТАН СЛОВАКИЯҒА МҰНАЙ-ГАЗ, УРАН ЭКСПОРТТАУҒА ДАЙЫН
Қазақстан Словакияның су ресурстарын басқару ісіндегі озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын. Мемлекет басшысы еліміз еуропа еліне мұнай-газ, уран, азық-түлік өнімдерін экспорттауға әзір екенін жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Әскери-техникалық байланыстың әлеуеті зор. Бұған қоса, біз келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін бірге пайдалану жайын талқыладық. Бұл – стратегиялық маңызы бар сауда жолының бірі. Мен словакиялық серіктестерімізді осы дәлізді дамыту жобасына қатысуға шақырдым.
ҚАЗАҚСТАН МЕН СЛОВАКИЯ: ЖАҺАНДЫҚ ТЕКЕТІРЕСТЕР БЕЙБІТ ЖОЛМЕН ШЕШІЛУІ КЕРЕК
Жаһандық текетірестер мен сауда соғысы әлем елдерін алаңдатып отыр. Екі тарап та бұл түйткілдер бейбіт жолмен шешілуі керек деп санайды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Елдеріміздің халықаралық ұйымдар аясындағы байланысы нығайып келеді. Көптеген жаһандық үрдістер мен сын-қатерлерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз көпжақты дипломатиялық байланыстарды тереңдетуге ерекше мән береміз.
Сонымн қатар келіссөз барысында энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика мен цифрландыру сынды салаларда өзара ықпалдастықты тереңдетудің әлеуеті мол екені айтылды. Екі ел өкілдері сан салалы серіктестікті нығайтып, тың бастамаларды бірге жүзеге асыруға уағдаласты.
Ш.Жамбылұлы, Б.Омар, А.Ахмет «ПТРК» көмегімен «ҚҰТ»