Түркістан мен Қытай арасындағы байланыс беки түспек. Екі жақ түрлі салада ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға келісті. Уағдаластық облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің Бейжіңге сапары аясында орнады. Ол инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған өңірдің инвестициялық әлеуетімен таныстырып, жаңа жобаларды табысты іске асыру үшін қажетті қолдауды көрсететінін жеткізді.


Облыс әкімі Бейжіңде 20-дан аса әлемдік рейтингте көш бастаған компания басшыларымен кездесіп, келісімге келді. Ауылшаруашылығы, мақта шаруашылығындағы “ақылды агротехнологияны” дамыту бойынша да жаңа жобалар қаралып, жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға қатысты бірқатар бастамалар ортаға салынды. Азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорын салу жоспары да назардан тыс қалмады.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасында өте жоғары деңгейде дипломатиялық байланыс орнаған. Қос мемлекеттің басшыларының өзара тығыз байланысы, достығы жаңа жобаларды жүзеге асыруға серпін беруде. Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейтуге, жаңа зауыттар мен фабрикалар салуға мүдделіміз.


Бизнесін таныстырған барлық кәсіпкерлерге алғыс айтқан Нұралхан Көшеров әр инвестормен жеке жұмыс істейтінін жеткізді. Мұндай кездесулердің жаңа жобаларды іске асыруға жол ашатын айтып, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы мен іскерлік серіктестігінің дамуын үлгі етті.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

 Өңірдің табиғи климаттық жағдайы қолайлы, ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Жібек жолының бойында орналасқан аймақтың кадрлық әлеуеті жоғары және қажетті жұмыс күшін ұсына алады. Қазіргі уақытта біздің облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өңіріміздің негізгі инвестициялық алаңдары – 15 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Жобаларды талқылап, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз.


Сондай-ақ, кездесуде қауіпсіздік саласындағы бейнебақылау және жасанды интеллект желісін дамыту бойынша ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы таныстырылды. Кәсіптік білім беру саласын дамыту жолдары да ортаға салынды. Өз кезегінде облыс әкімі техникалық мамандықтарды дамыту үшін серіктестік орнатуға мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.