Енді жасанды интеллект түрме ішіндегі қауіпсіздікті бақылап, тәртіп мәселесін тексереді. Шымкенттік өнертапқыштар жансыз жүйені түзеу мекемесіне енгізіп, жазасын өтеушілердің құқықтарын, ережеге сай әрекеттенуін қадағалайды. Айтуынша бұл жүйе адам зейінінен де өнімді, байқампаз. Жоба авторы қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында марапатталды. Онда құзырлы орган қызметкерлері атқарған жұмыстар реті баяндалып, статистикалық есеп ұсынылды. Алқалы жиынға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, сондай-ақ студенттер мен бизнес өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе - құқықтық тәртіпті нығайту және заң бұзушылықтың алдын алу. Жиында мүдде аясында мүдірмей жұмыс істеп, «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырған азаматтар марапатталды. Соның бірі - Оразалы Кәрімбаев. Ол және оның ұжымы түзеу мекмесіндегі бейнебақылау жүйесіне жасанды интеллект элементтерін орнатып, оң нәтиже алған. Бұл жоба түрме ішіндегі кез-келген заңсыз әрекетті бірден байқап, мамандарға белгі береді. «Адам көзі жаңылғанмен автоматты жүйе жаңылмайды. Жоба сыннан өткен» дейді автор.
ОРАЗАЛЫ КӘРІМБАЕВ, ЖОБА АВТОРЫ
«Кішкентай уақыттың ішінде 1000-нан аса бұзақылықтарды анықтап отыр. Өткен жылмен салыстыратын болсақ 5 оператор 100-ден аса бұзақылықты ғана тапқан. Яғни ол жерде..» – «Адам операторлар оның бәрін анықтай алмайды. Кейбір мәселелерді, бұзақылықтарды өткізіп алады. Ал біздің жасанды интелект» – «Барлық бұзақылықтарды анықтап сол сәтте операторға хабарландыру беріп отырады.» /
Ал 3 курс студенті Сымбат Сұлтан заң және қаржылық сауаттылық олимпиадасында топ жарып, халықаралық сайысқа жолдама алған. Бойжеткен Астанада өткен байқауда мүдірмей, тест сауалдарына айна қатесіз жауап берген. Эссе жазып ойының ұшқыр, пікірінің салмақты екенін дәлелдеген. Енді ол қыркүйек айында Ресейдің Красноярск қаласында өтетін әлемдік жарыста ел намысын қорғайды.
СЫМБАТ СҰЛТАН, СТУДЕНТ
«Қаржылық тероризмнің алдын алу бағытында өткен олимпиада болатын.»– «Қазақстанда қандай ұйымдар бар, олар қай жылы құрылған.» - «Осы біздің Қазақстан қандай халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып жұмыс атқарады деген сияқты сұрақтар болды.»
Жиында прокуратура бастамасымен жүзеге асырылып жатқан: «Заң үйірмесі», «Киберпол», «BAIQA SYSTEM», «Кибер-Шериф», «Тазалық сақшылары» жобаларының жай жапсары баяндалды. Қылмыстық құқық бұзушылық пен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі жаңа ведомствоаралық тетіктер таныстырылып, жұмыс жоспары айқындалды. Прокуротура атқарған жұмыстар мен жобаларды рет-ретімен таныстырған Ғабит Мұқанов жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін атап өтті.
ҒАБИТ МҰҚАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ
«Күш бірлікте екенін баршамыз білеміз. Бұл жобаларға жанашырлықпен кіріскен жағдайда өз жемісін береді. Залда отырған әрбір басшыны басқа да бірлескен жобаларды атқаруға шақырамын.»
Жиын барысында құзырлы орган қызметкерлері мен белсенділер сөз сөйлеп, ортақ мүдде аясында пікір алмасты.