Елімізде «жасыл» алюминий өндіретін ірі зауыттар салынбақ. Осылайша жаңадан 10 мың жұмыс орны ашылады. Қытайдың өндірістік алпауыты «East Hope Group» корпорациясы жылына 1 млн тонна алюминий өндіретін электролиз зауытын және қуаттылығы 2 млн тонна тау-кен комбинатын салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қарастырылған. Премьер-министр Олжас Бектенов компания басшысы Лю Юнсинмен кездесіп, жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Үкімет басшысы бұл отандық өнеркәсіп құрылымындағы осы бағыттың кешенді дамуын қамтамасыз ететін бірегей жоба екенін айтты.