Түркістанда енді мал терісі, сүйегі, мүйізі мен ішек-қарыны өңделіп, кәдеге жарар өнім шығарылады. Бұл туралы аймақ басшысы бастаған делегация Қытай елінің астанасы Бейжіңде бірқатар инвесторлармен кездесу барысында айтылды.
Сапар аясында күн шығыс елімен өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында қытайлық ірі компаниялармен екіжақты кездесулер өткізіліп, бірқатар маңызды меморандумдарға қол қойылды. Басқосуда тағы қандай бастамалар көтерілді? Шынар Әуелбай тарқатады
Іскерлік кездесу барысында тараптар энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын жан-жақты талқылады. Облыс әкімі тәулігіне 100 тонна қоқыс қалдығын өңдейтін Қытайдың жетекші компаниясының басшысымен кездесіп, кәсіпорынды бірлескен жобаларды бірге бастауға шақырды. Аталған келісімдер өңір экономикасын дамытуға, әріптестікті нығайтып, заманауи өндіріс ошақтарын ашуға бағытталады.
СЫРЫМ ЕРТАЕВ, «ҚАЙЫП АТА» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ
Ірі қара малдың ішкі құрылымдары терісі, сирағы, басы, соның бәрін терең өңдетіп, өзіміздің өңірде өңдеп, оны міндетті түрде Қытайдың мықты технологиясы мен тәжірибесімен осы мамандарды б ізге алып барып, өңдеп Қытай еліне, нарығына кіру. Ең үлкен қызықтырған бүгінгі таңда осы мәселе болды. Әрине, бұл біздің ауыл тұрғындарына тікелей пайдасы тиетіні анық. Бізде сұранысқа ие емес тауардың бәрі ол елде сұранысқа ие. Қазір Қытаймен үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қытай елінің нарығы өте жоғары. 01:14
Сонымен қатар облыста шие өсіру және өңдеу бойынша заманауи агропарк құрылмақ. Бұл бағытқа да инвестор тарту жұмыстарына баса назар аударылды. Қазір өңірде шие ағашының көлемі 100 гектардан асады. Өткен жылы 1,5 тонна өнім жиналыпты. Сондай-ақ, мақта өсіру, иіру және тоқыма өндірісін ұйымдастыру бойынша жүзеге аса бастаған жобалар барысы да талқыланды. Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында мақта жаңа тәсілмен егіліп жатыр. Енді өңірде бұл бағытты дамыту бойынша бірнеше мақта-тоқыма кластері құрылады. Жоба толық іске асырылса, мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылмақ.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Ұлы Жібек жолы құрылған сәттен бастап дамып, өркендеп келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың орны ерекше. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиясы екі ел арасындағы қатынастардың сенімді дамуына бағыт-бағдар беріп отыр. Өңірлік әріптестігі нығайту мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан өңірінде логистикалық орталық жасауға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің біздің өңірге келіп инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға ниет білдіргендеріңізге алғыс білдіремін. Біздің облыста жұмыс істеуге ниетті барлық компанияларға барынша қолдау көрсететінімізді атап өткім келеді.
Кездесуде Нұралхан Көшеров әкімдік тарапынан өзара тиімді байланыстардың маңыздылығын растай отырып, одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге, өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірдi. Қытайлық тарап өзара әрiптестiк орнатуға мүдделі екенін жеткізді.