«Салтанат» мемлекеттік би ансамбліне 70 жыл. Мерейтой аясында өнер ұжымы Шымкентте болып, өнердің өрелі жолын бимен өрді. Түркістаннан бастау алған «Би керуені» гастрольдік сапарында мегаполис жұртшылығы 20-ға жуық халықтың биін тамашалап, ерекше әсерге бөленді.


70 жылдық тарихы бар Салтанат би ансамблінің репертуарында 150-ге жуық этностың ұлттық биі бар екен. Өнер кешінде қазақ би өнерінің інжу-маржандарымен қатар орыс, ұйғыр, болгар, татар, кәріс, қытай, өзбек, тәжік, моңғол және өзге де халықтың билері сахналанды. Бұл көрініс еліміздегі мәдени әртүрлілік пен достықтың, татулықтың айқын символына айналды.


ҚУАНЫШБЕК ТӨЛЕГЕН, «САЛТАНАТ» МЕМЛЕКЕТТІК БИ АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ

«Бүгінгі біздің биіміздің бағыты. 70 жылдыққа жасап жатқан менің жаңа бағдарламамның бағыты, тақырыбы «Азия аңыздары» деп аталады. Азия халықтарының билері. Оның ішінде тәжік, өзбек, ұйғыр, моңғол билері. Мысалға өзбек биіне тоқталып кететін болсақ, осыдан бір жыл бұрын өзбек биін Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Чароз Журабаева келіп «Хорезм термелері» биін, сонымен қатар Тәжікстан, Душанбе қаласындағы хореография колледжінің ректоры, көркемдік жетекшісі келіп Ескандир Талпаков «Идона» яғни «Мейрам» деген биді қойып кетті. Сонымен қатар өзіміздің хореография училищесінде жұмыс жасайтын мұғаліміміз Саном Исмайлова моңғол биін қойды. Сол билерді бүгін тамашалай аласыздар.


70-ке жуық әртісі бар өнер ұжымының бөлісер жаңалығы жетерлік. Алдағы уақытта ансамблдің құрамы толығып, концерттік бағдарламалар фольклорлық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста өтеді деп жоспарланып отыр.


ӨМІРҚҰЛ АЙНЯЗОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ

«Кеше Түркістанда өнер көрсеттік. Бүгін Шымкент қаласына келіп Салтанат би ансамблінің 70 жылдық мерейтойын атап өтіп жатырмыз. »


1955 жылы құрылған «Салтанат» ансамблі бүгінде ұлттық хореографияның алтын қорына енген ұжым. Бүгінгі кеште әрбір әртіс бірнеше образда шығып, түрлі би түрін кәсіби деңгейде орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.


АҚМАРАЛ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

«Бүгін үлкен тарихы бар Салтанат би ансамблінің керемет концерті өтіп жатыр. 20-дан астам неше түрлі би постановкаларын тамашаладық. Келген халыққа, көрерменге керемет кеш сыйлады».


Түркістаннан басталған «Би керуені» гастрольдік сапары жыл бойы жалғасады. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл, аудан, қалаларды аралауды көздеп отырған ұжым өнердің өрелі жолын осылайша бимен өрмек.