Азаматтардың жеке деректерін заңсыз иемденіп, оны сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Қанат Жолдасбек тарқатып айтады.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, қазақстандықтардың жеке мәліметтерін заңсыз тасымалдағандардың жолын кесті. Ақпараттар мемлекеттік базалардан заңсыз алынып Telegram желесі арқылы таратылған. Тіпті кейбір деректер коллекторлық компанияларға беріліп отырған. Аталған жайтқа байланысты 140-тан астам күдікті, оның ішінде компания иелері мен арна әкімшілері құрықталды. ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті таратқан мәліметке сәйкес тінту барысында 400-ден астам компьютерлік және басқа да электрондық техника тәркіленген. Күдіктілер үстінен қылмыстық кодекстің 205-бабы 3-бөлігі ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу, кодекстің 147-бабы 5-бөлігі жеке өмірге қол сұғу және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу, сондай-ақ 211-бабтың 3-бөлігі шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз тарату бойынша қылмыстық істер қозғалды.